+7 (727) 267-28-83

музафар

23 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасына аса зор ілтипатпен Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, балалар әдебиетінің қара нары Мұзафар Әлімбаевтың қазыналы жеке кітапханасын қазақ халқына аманат ретінде ұлы Баламер мен келіні Нұрзада келіп сыйға тартты.

Бұл сыйға алынған кітаптардың диапозоны өте кең, көп оқылатын, көп сұралатын бағалы да құнды сирек кітаптар топтамасы болып саналады.

Оның ішінде ақынның өзінің әлем тілдеріндегі шығармалары, зерттеулері және елімізге белгілі классик жазушылардың қолтаңбасымен сыйға берілген құнды кітаптары бар.

Артындағы қалың оқырманы еліміздің абыз ақсақалы Мұзағаңның өмірінде жинаған, өзі пайдаланған мол рухани мұрасын қастерлеп,ұлт игілігіне қызмет атқаратын кәделі дүниеге айналдыратынына сенімдіміз.

Бұл рухани мұра кез келген оқырманға толық қолжетімді болып,ғылыми айналысқа түсіп, оқырманның рухани өсуіне мол пайдасын тигізеді.

Мұзафар Әлімбаев балалар әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, зор үлес қосқан көрнекті ақын, шебер жазушы.Ол халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы – мақал-мәтелдерді жинаумен қатар,өзге халықтардың мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударған. Ақынның «666 мақал мен мәтел», «Мақал-сөздің мәйегі» т.б.жинақтары мен зерттеулері бар. Халқымыздың отты ақыны Қасым Аманжоловтың «Мұзафар – қазақ мақалының маршалы» деп айтатыны да тегін емес. «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған.

Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шыққан.Жүз сексен әнге өлең жазған. 70 төлтума және аударма кітаптардың авторы.Саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен келісіміне,ұлт әдебиетінің әлемдік биікке көтерілуіне арнады.

Қазақ халқы қазыналы қария,қарымды қаламгер,ұлтының сүйікті перзенті ардақты ақыны Мұзафар Әлімбаевты ешқашан ұмытпайды, кітаптары халқымен бірге мәңгі жасай береді.ҚР Ұлттық кітапханасы көрнекті ақынның артында қалған ұлдары – Баламер мен Жаннұрға, келіндері – Нұрзада мен Пернегүлге ел игілігі үшін халқына аманат етіп еліміздің абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың мәртебелі жеке кітапханасын сыйға тартқандары үшін алғысын білдіреді.

музафаралимбаев