+7 (727) 267-28-83

gerold

«Қазақстан кітаптары» оқу залында қазақстандық  жазушы, аудармашы, публицист Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Земля моей чести» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

Герольд Карлович Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысының Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы оның отбасы Солтүстік Қазақстан облысының, Ысқақ Ыбыраев атындағы қазақ ауылына жер аударылды. Ол қазақ орта мектебінде оқыды. 1958 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университеті) әдебиет факультетін, 1963 жылы сол институттың аспирантурасын бітірді. 

Г. Бельгер өзінің еңбек жолын 1953 жылы лаборант, содан кейін орта мектеп мұғалімі, 1963 жылы ‒ «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, 1989 жылы ‒ неміс ұлттық мәдени орталығының төрағасы, 1995 жылы ‒ «Феникс» неміс тіліндегі альманағының бас редакторы болып бастаған. 1998 ж. ‒ «Сорос-Қазақстан» қорының басқарма төрағасы. Павлодар облысынан Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты 1994-1995 жж., Алматы қаласы неміс мәдени қоғамының төрағасы. Қазақстандағы немістер Кеңесінің, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің, ЮНЕСКО істері жөніндегі комиссиясының мүшесі, бірқатар әдеби журналдардың редакциялық кеңесінің мүшесі.                 

Г.Бельгер ‒ неміс, қазақ, орыс тілдерін бірдей меңгерген жазушы. Аудармашы, прозашы, публицист, әдебиет сыншысы. Ол қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударды: Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов және т.б. Көптеген романдардың, әңгімелер мен әдеби сын еңбектердің авторы. Оның туындылары терең сезімге, адами қарым-қатынасқа, туған жерге деген ерекше сүйіспеншілікке, жоғары азаматтық ұстанымға және патриотизмге толы. Мерзімді басылым беттерінде 1500-ден астам жарияланымдардың авторы.    

Г.Бельгер ‒ көптеген еңбектердің авторы: «Сосновый дом на краю аула» (1973), «Чайки над степью» (1976), «Земные избранники» (Гете,Абай) (1995), «Казахское слово» (2001), «Гармония духа» (2003), «Ода переводу» (2005), 10 томдық «Избранные произведения» (2009-2010), «Казахские арабески» (2014) және т.б.

Белсенді шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін Г.Бельгер «Парасат» (1994), 2 дәрежелі «Достық», «Бейбітшілік және рухани келісім» Президенттік сыйлығымен (1992), «Германия Федеративтік Республикасына сіңірген қызметі үшін» (2010) ордендерымен марапатталды. Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Б.Майлин атындағы Қазақстан Жазушылар Одағының сыйлығы (1998), тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты.

Герольд Бельгер 2015 жылы 7 ақпанда Алматы қ. қайтыс болды.  

2016 жылы «Қазақстан кітаптары» оқу залында Г.Бельгердің мемориалдық кабинеті  ашылды. Мемориалдық кабинеттегі жазушының жеке заттарын Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасына жақын туыстары табыстады. Жазушының үй кабинетінің ішкі көрінісі көрсетілген: мұнда отбасылық портреттерді, фотоальбомдарды, үстел шамын, телефон аппаратын, үстел сағатын, осы жылдар ішінде жазушыға қызмет етіп келген жазу машинасын, шахмат, шахмат сағаттары мен газеттерді көре аласыз. Шкафта жазушының бірнеше өмірі және бірнеше адам тағдыры өткен көптеген кітаптары орналасқан. Мемориалдық кабинет аясында Г.Бельгерге арналған іс-шаралар үнемі өткізіліп тұрады: тақырыптық көрмелер, экскурсиялар, көркемсөз оқу байқаулары, шығармашылық кештер және т.б.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан жазушының Г.Бельгердің өмірі мен қызметі туралы материалдар, оның шығармалары, мақалалары мен естеліктері ұсынылған.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!

Сайтта

Қазір сайтта 169 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.