+7 (727) 267-28-83

juban

«Қазақстан кітаптары» оқу залында әйгілі қазақ ақыны, аудармашы, журналист, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия бағының бәйтерегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

Молдағалиев Жұбан 1920 жылы 5 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Жыланды ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Орал ауылшаруашылық техникумын бітірді.

Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 1942 - 1944 жылдары - «Фронтовая правда» газетінің қазақ тіліндегі ұйымдастырушы-корреспонденті, 1948-1952 жж. - «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редакторының орынбасары, 1952-1954 жж. - Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, 1955-1956 жж. - «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, 1957-1963 жж. - «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1963-1971 жж. - Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1973-1983 жж. - КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 10-шақырылымының депутаты. Ж.Молдағалиев өмірінің соңғы күндеріне дейін Кеңес Одағының ең ірі әдеби-көркем басылымдарының бірі  «Новый мир» журналының редакция алқасы болды.

Ж.Молдағалиевтің «Жеңіс жырлары» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1949 жылы жарық көрді.

Жұбан Молдағалиев қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының дамуына үлкен үлес қосты: «Нұрлы жол» (1950), «Жыр туралы жыр» (1956), «Қиял қанаты» (1957), «Дала дастарқаны» (1957), «Жесір тағдыры» (1961), «Туған жер» (1962), «Байқоңыр баспалдақтары» (1977), «Мен-Қазақпын» (1963), «Кісен ашқан» (1969), «Қыран дала» (1974), «Сел» (1977) ).

Жұбан Молдағалиевтің шығармалары әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Ол көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Қазақ тіліне А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Назим Хикметтің шығармаларын, ХХ ғасырдағы орыс ақындарының өлеңдерін аударды.

Ж.Молдағалиев еткен еңбегі мен жасаған қызметі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды: «Әскери ерлігі үшін» медалі (1944), екі мәрте екінші дәрежелі Отан соғысы ордендері (1945, 1985), «Құрмет Белгісі» ордені (1959), екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендері (1967, 1970), «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі,  Ленин ордені (1980). КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1978) және Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1970).

2000 жылы Оралда бюст ескерткіші орнатылып, ақын атына Қазақстанның көшелері, кітапханалары мен мектептері берілді.

Жұбан Молдағалиев 1988 жылы 6 қазанда қайтыс болды.

«Поэзия бағының бәйтерегі»  атты кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен қызметі, шығармалары, мақалалары, ақын шығармашылығын зерттеген қазақстандық ғалымдардың диссертациялары, сонымен қатар мерзімді басылым беттеріндегі туыстары мен достарының естеліктері ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!