+7 (727) 267-28-83

jurnal1Құрметті әріптестер! Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Кітап&кітапхана» кәсіби-сараптамалық журналының биылғы жылғы бірінші саны жарыққа шықты.

Журнал ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында атап көрсетілген «Мәдениет қызметкерлерін қолдау» туралы тұжырыммен ашылды. Онда, сондай-ақ, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық дәстүрді жаңғыртқан 1991 жылғы 15 наурыздағы «Көктемгі халықтық Наурыз мейрамы туралы» Қаулысы жарияланған.

Журналдың негізгі бөлімі Назарбаев Университеті кітапханасының басшысы Ә.Темірханованың «Формирование и особенности развития коллектива библиотеки ХХІ века: к 10-летию библиотеки Назарбаев Университета» атты мақаласынан бастау алады.Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің саяси ғылымдар кандидаты П.Сүлейменовтің «Общественно-политические взгляды Абу Насра Аль-Фараби» атты мақаласы ұлы даланың ұлы тұлғасы әл-Фарабидің 1150 жылдығына лайықты тарту болмақ.

Киелі Түркістан облысының А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Ш.Ә.Дінәсілованың «Абай. Руханият. Еуропа төріндегі төрт аялдама» атты мақаласы әлемдік деңгейдегі кемеңгер ақынның 175 жылдығына орай асыл мұраны шет елдерде насихаттауда атқарылған жұмыстардың жарқын айғағы. Журналдан биылғы 31 қаңтарда Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, біртуар ақын Ж.Молдағалиевтің 100 жылдығына орай Ақжайық өңірі мен Алматы, Атырау қалалары арасында өткен онлайн-конференция туралы ақпаратпен таныса аласыздар. Сонымен қатар Қостанай облысы Май модельді кітапханасының маманы Г.С.Вакуленконың «Информация как стратегический ресурс» мақаласы оқырмандар үшін тартымды болары анық.

Назарларыңызға ұсынылып отырған келесі мақала – Ұлттық кітапхананың еңбек ардагері Кәрі Жолдыбике Нүсіпқызының «Әке арманы» кітабының желісі бойынша құрметті зейнеткер, «Үздік кітапханашы» А.Т.Байбосынова дайындаған «Тарихи деректі ұлағатты шығарма» атты мақала шұрайлы тіл, тәрбиелік терең мәнімен өзіне баурап алады. Ал, статистикалық мәліметтерге негізделіп дайындалған С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының бөлім жетекшісі А.А.Жылқыбекованың «Читательский билет как один из трех документов человека» мақаласы қазіргі уақыттағы кітапхананың қал-жағдайына жан-жақты талдау жасауымен ерекшеленеді.

Алматы қаласындағы Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының бөлім жетекшісі К.Ж.Иманбекованың «Хандық дәуірдегі қазақ тілі және жыраулар поэзиясы» атты мақаласы «Алтын Орданың 750 жылдығы» тақырыбының жүгін көтеріп тұрған тартымды туынды.ҚР Ұлттық кітапханасы директорының ақпараттық технологиялар және инновациялар жөніндегі орынбасары Н.А.Искалиеваның 2019 жылғы 10-12 қыркүйек аралығында Беларусь Республикасындағы Брест қаласында өткен Халықаралық конференция қорытындысы бойынша дайындаған «Книга в формировании интеллектуальной культуры народа» атты мақаласы ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған мақала.ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің топ жетекшісі Ф.Қ.Бектұрбекованың «Рухани қазына шырақшылары» атты мақаласы Ақпараттық ресурстар қызметінің жұмысынан мол мәлімет береді. Журналдың аталмыш саны ҚР Ұлттық кітапханасы Ақпараттық-имидждік жұмыстар қызметінің кітапханашысы Е.Н.Орынбайдың еліміздегі оқу мен ойдың ордасында 2020 жылғы 16 қаңтарда ашылған Абай әдеби орталығы туралы «Абайды ұлықтаған Ұлттық кітапхана» атты мақаласымен түйінделеді.

Құрметті әріптестер, Сіздерден республика кітапханашыларының төл басылымы "КІТАП&КІТАПХАНА" журналына оқырман қауымға ой салар мақалалар күтеміз.

Айтолқын Шүленбаева,

ҚР Ұлттық кітапханасы ғылыми-әдістемелік қызметінің топ жетекшісі.

jurnal2