+7 (727) 267-28-83

152020 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының мамандары  ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырған «Сандық кеңістіктегі библиография қызметі» атты Халықаралық онлайн-семинар жұмысына қатысты.

Онлайн-семинарда сандық кеңістіктегі библиография қызметінің бағыттары теориялық және тәжірибелік тұрғыда зерделеніп, кітапханалардың ақпараттық-библиографиялық қызметінде интернет-технологияларды қолданудың жаңа тенденциялары анықталды. Әсіресе, қазіргі жағдайда  оқырмандардың ақпараттық қажеттілігін қамтамасыз етуде алғышарттардың бірі әрі бірегейі болып табылатын виртуалды анықтамалық-библиографиялық аппаратты, анықтамалық-библиографиялық жұмыстың жаңа түрлерін және библиографиялық ақпаратты пайдаланудың креативті мүмкіндіктері талқыланды.

Онлайн-семинарды ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ү.Д.Мұңалбаева, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Б.Қ.Оспанова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Электрондық ресурстарды басқару қызметінің жетекшісі С.С.Назырова жүргізді.

Онлайн-семинар жұмысының ашылуында алғысөзбен ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Б.Қ. сөз сөйледі. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасы Ұлттық библиография қызметінің жетекшісі Сайдембаева Ә.Ш. «Национальная библиография в электронную эру: новые направления развития» және Ақпараттық ресурстар қызметінің жетекшісі Сыдықжанова Ф.Ө. «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының электронды ресурстары және ағымдағы библиография» атты баяндамаларын оқыды.   Ұлттық кітапхана мамандары еліміздің ұлттық библиографиясын қалыптастыру және дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы, сондай-ақ, Қазақстанның тарихы, әдебиеті мен өнері туралы кітапхана мамандары құрастырған іргелі ретроспективтік, ұсыныстық және ағымдағы библиографиялық көрсеткіштер туралы ақпаратпен бөлісті. Ұлттық кітапхананың қорындағы басылымдар негізінде қалыптастырылған  және күнделікті толықтырылатын электронды ресурстары, электронды каталогтары мен дерекқорлары туралы сөз қозғады. Бұл электронды ресурстардың оқырманның түрлі ақпараттық сұраныстарын қанағаттандыру, білімін жетілдіру, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу, т.б. мәліметтер алу үшін маңызы орасан зор.

Онлайн-семинар жұмысында Ресей Ұлттық кітапханасының библиография және өлкетану бөлімінің өлкетану библиографиясы тобының жетекшісі Н.М. Балацкая (Санкт-Петербург) және бірқатар қазақстандық библиография орталықтарының мамандары өз ойларын ортаға салды.

13   14