+7 (727) 267-28-83

3

2020 жылғы 6 ақпан, сағ 11.00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының “Қазақстан кітаптары" оқу залында көрнекті ғалым, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған әл-Фараби ғылыми орталығының салтанатты ашылуы өтеді.

 

Әл-Фараби ғылыми орталығының  ашылу мақсаты – Шығыстың  көрнекті ұстазы, философ, ерте ортағасырлық энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасын  насихаттау.

Ғалымның толық есімі – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Түрки. Ол 870 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар қаласында (қазіргі Түркістан облысы) Сырдария жағасында дүниеге келген. Жетпіске жуық тілді меңгерген. Платонның, Аристотельдің еңбектерін араб тіліне аударды. Оның еңбектері Шығыс ойшылдарының дүниетанымының қалыптасуына (Ибн-Сина, Ибн Рушд, Ибн-Халдун, Низами, Навои және т.б.), Еуропаның прогрессивті философиялық ойының дамуына (Леонардо да Винчи, Ф. Бэкон, Г. Галилей, Р. Декарт, Б. Спиноза және т. б.) әсер етті, ол латыншаланған Аlpharabius есімімен де танымал болды. Әл-Фараби ілімі Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының ғылыми ойының одан әрі дамуына әсер етті.                                                              

Әл-Фарабиден ғылыми тұрғыда бай мұра қалды, оның 160 трактаттары бар. Бізге ұлы ойшылдың әр түрлі тілдерде жазылған және аударылған (қазақ, араб, орыс, парсы, түрік, латын, ағылшын, неміс, француз, өзбек және т. б.) 80-нен астам шығармалары жетті. Олардың арасында: "Жан күші туралы", "Ақыл және түсінік", "Субстанция туралы сөз", "Сұрақтардың мәні", "Заңдар туралы кітап", "Ғалам қозғалысының тұрақтылығы туралы кітап", "Ақыл-ойдың мәні туралы кітап", "Логикаға кіріспе кітабы", "Дәлелдеме кітабы", "Силлогизм шарттары туралы кітап", "Жанның мәні туралы трактат", «Түс көру туралы сөз», "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат", «Ғылымдар анықтамалығы мен классификациясы туралы кітап», «Философия мәні туралы кітап» және тағы да басқа көптеген шығармалары бар.       

Ол білім мен ілімнің барлық саласына қатысты дерлік терең пайымдауларын, нақтылы байқауларын және айқын көзқарасы мен ғажап болжамдарын қалдырған. Білімнің ол араласпаған бірде-бір саласы жоқ. Ол араб аристотелизмін белгілі бір философиялық жүйеге дейін көтерді, сондықтан Авиценнадан бастап Шығыстың барлық ғалымдары оны өздерінің Ұстазы санаған, ол тірі кезінде-ақ Аристотельден кейінгі "Екінші ұстаз " деген атаққа ие болды.

Әл-Фараби ақын да, жаратылыстану сынақшысы да, математика білгірі де, медик те, философ және музыкант та болды, ол бірінші болып ғылымды санаттарға  бөліп, қазіргі музыкалық мәдениеттің негізін қалады. 

Әл-Фараби еңбектерін әлемнің ең ірі кітапханаларынан табуға болады. Ұлы ойшылдың шығармашылығына отандық және шетелдік ғалымдар көптеген зерттеулерін арнады. Ең алғаш Әл-Фараби мұрасын зерделеуге неміс зерттеушісі Ф. Дитерици ден қойды.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы әл-Фараби еңбектерінің және ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы ол туралы жарық көрген басылымдардың тұрақты түрде қызмет көрсететін, баршаға ашық қолжетімді көрмесі іспетті. Орталықта әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, философтың еңбектері және оның әлем халықтарының түрлі тілдеріне аударылған шығармалары, белгілі отандық және шетелдік ғалымдардың, философтардың, тарихшылардың зерттеулері, электрондық басылымдар, мерзімді басылымдардан алынған құжаттардың дерекқоры, еңбектерінің жинағы бар. Орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен және материалдармен толықтырылатын болады.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы ойшылдың ғылыми еңбектерінің мұрасын терең зерделеуге және көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Орталықта белгілі Фарабитанушы ғалымдармен, академиктермен кездесулер ұйымдастыру, тақырыптық байқаулар, экскурсиялар  әл-Фараби туралы фильмдер көрсету және т.б. іс-шаралар өткізуге қажетті жағдайлар жасалады.

Орталық «Агро–Пром Бастау» жеке серіктестігінің құрылтайшылары Сарынов Арман Еркебұланұлы және Қыдыков Бақыт Маратұлының  қолдауымен ашылады.

Әл-Фараби ғылыми орталығының ашылу рәсіміне белгілі ғалымдар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, ЖОО-ның оқытушылары мен студенттері, БАҚ өкілдері және т.б. шақырылды.