+7 (727) 267-28-83

«Қазақстан кітаптары» оқу залында Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Депозитарий  аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Бірлік – болашақтың кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған консультативті-кеңесші орган.  Ассамблеяның қызметі ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің, қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына ықпал ету, Қазақстан аумағында тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қарым–қатынастарды дамытуға жәрдемдесетін мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша ұсыныстарды жасауға бағытталған. Барлық дамудың іргетасы, мемлекеттің негізі келісім, тұрақтылық, халықтың достығы, түрлі этностар арасындағы сыйластық, діни конфессиялар болып табылады.

2016 жылғы 1 наурызда Қазақстанда жаңа мереке – Алғыс айту күні белгіленді, бұл тарихта әр түрлі уақытта өз жеріне түрлі ұлт өкілдерін қабылдаған қазақ халқына деген ризашылықтарын білдіретін күн.

2012 жылы Алматы қаласының ҚХА-ның қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының депозитарийі ұйымдастырылды. Депозитарийдің мақсаты – этносаралық және конфессияаралық қатынастарға қатысты ғылыми еңбектер мен зерттеулер қорын қалыптастыру және насихаттау болып табылады. Қорда Қазақстан аумағында тұратын түрлі этностардың тарихы мен қазіргі өмірі, репрессияға ұшыраған халықтардың жер аударылу үдерістерін, олардың рухани мәдениетін, дәстүрін, өнерін дамыту туралы мәліметтер жинақталған.

Депозитарий аясында түрлі іс-шаралар өткізіледі: Қазақстан Республикасының мемлекеттік атаулы мерекелеріне, атақты қазақстандық жазушылардың мерейтойларына  және мерейтойлық күндеріне арналған тақырыптық кітап көрмелері, жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, әдеби кештер, сонымен қатар танымдық кітаптар көрмесі Достық үйінде, Абай алаңында, концерт залдарында және т.б. ұйымдастырылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына орай этномәдени бірлестіктер бірқатар мерекелік және қайырымдылық шараларын өткізеді.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ұйымдастырылған «Бірлік – болашақтың кепілі» атты кітап көрмесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, депортация және тарих, Қазақстанда тұратын халықтардың салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері туралы материалдар ұсынылды.

  Кітап көрмесіне шақырамыз!