2020 жылғы 22 қаңтарда, Н.Дәулетова атындағы залда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Есболған Жайсаңбаевтың 80 жылдығына орай еске алу кеші өтті.
Іс-шара ҚР Ұлттық кітапханасының Өнер бөлімі жанындағы «Інжу-маржан» клубы аясында өткізілді.
Есболған Жайсаңбаев Алматы облысы Ақсу ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Актер. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 1960 жылы Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны (Ә.Мәмбетов пен Н.Жантөрин жетекшілігімен), 1968 жылы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1960 жылы Қазақ драма театрының негізгі құрамына қабылданады. Театр сахнасында ойнаған алғашқы рөлі — З.Шашкиннің «Заман осылай басталды» спектакліндегі Покудин. Табиғатынан аңқау, адал да ақ көңіл жандардың күлкілі қылықтарын көңілге ұялар тартымдылықпен кескіндеу — Жайсаңбаевтың актерлік болмысына тән қасиет болды.
Оның таңдаулы рөлдері: Хасен, Серке (Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай»), Сейіт (Ш.Айтматов «Аңсаған менің әнімсің», Ғ.Мүсірепов «Ақын трагедиясы»), Олжатай (С.Жүнісов «Ажар мен ажалында»), Грумио (У.Шекспир «Асауға тұсау»), Жапал («Еңлік-Кебек» М.Ауезов), Подколесин (Н.В.Гоголь «Үйлену») және т.б.
1976 жылдан Сәрсенбаев («Спорт саңлағы»), Прораб («Долана»), Яшко («Ақ бақсы») және т.б. кинофильмдерге түскен.
1996 жылы кәзіргі Алматы облысы Ақсу ауданының Суықсай мәдениет үйіне, 1997 жылы Қапал ауданындағы №2 орта мектепке Жайсаңбаев есімі берілді.
Кеш аясында Есболған Жайсаңбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сахна шебері» атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кешті белгілі театр режиссеры Әубәкір Рахимов жүргізді.
Іс-шараға актердің жұбайы Салиха Қожақова, Қазақстанның халық әртістері Есмұхан Обаев, Нүкетай Мышпаева, Торғын Тасыбекова, Роза Әшірбекова, театр сыншысы Әлия Бөпежанова, белгілі театр және кино әртістері Баян Имашева, Саят Мерекеұлы, Мұрат Нұрәсілов, Бекжан Тұрыс, Жалғас Толғанбай, Бауыржан Қаптағай, тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, отбасы, жақын туыстары және т.б. қатысты.