2019 жылғы 18 қыркүйек, сағат 11.00-де Н. Дәулетова атындағы залда Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында белгілі қазақ жазушысы, Қазақстан мемлеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеевпен кездесу өтті.
Б. Нұржекеевтің алғашқы повесі 1968 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Жазушы туындыларының басты тақырыптары - махаббат, отбасы, әйел тағдыры, жанұядағы қарым-қатынас.
Ол «Күй толғақ» (1972), «Күтумен өткен ғұмыр» (1974), «Бір ғана махаббат» (1982), «Ерлі-зайыптылар» (1987), «Бейтаныс әйелдің құпиясы» (2002), «Әйел жолы-жіңішке» (1998) және тағы басқа да повестер мен әңгімелердің авторы. Жазушының «Ойұшқын» жинағына (2002) Әсет, Сара, Төребай ақындар, Қабанбай, Бөгенбай және Ағынтай батырлар туралы эсселер кірді. «Өнер құдіреті» кітабында (2003) К. Бәйсейітова, Ж.Омарова, М. Төлебаев және т.б. өнер қайраткерлерінің шығармашылық өмірі сипатталады.
Іс - шараны ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Б.Ж. Жүнісбеков ашты. Кешті белгілі қазақ ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратқан Шоқан жүргізді. Кеш қонақтары: белгілі қазақ жазушылыры Қуанышбай Құрманғалиев пен Қадырбек Сегізбай, аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Филология және әлем тілдері» факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағулова.
Кездесуде жазушы өзінің шығармашылық еңбегінде қазіргі қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік рөлін ашуға тырысты. Жазушының барлық еңбектері қазақ халқының тарихын, ерлер мен әйелдердің арасындағы қарым-қатынас тақырыбын бейнелейді. Оның әрбір шығармасы қайталанбайтын, бір-біріне ұқсамайтын даралығымен ерекшеленеді. Кешке қатысушылар жазушыға сұрақтар қойып, осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті және кітапхана ұжымына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қорынан ұйымдастырылған «Ұлт және Әйел» атты кітап көрмесінде жазушы Б. Нұржекеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, отбасылық суреттер, автордың туындылары мен мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары, сондай-ақ жазушы мен оның отбасы туралы деректі фильм көрсетілді. «Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі Қ.Н. Қасымбекова көрмеге шолу жасады. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері А. Әділбеков «Күлтегін батыр» тарихи жырауынан үзінді, Бүрлен Қанат «Ана туралы ән» және Т.Урманбеков «Сары бидай» әндерін орындады.
Кешті «Қазақстан кітаптары» мен «Әлем әдебиеті» қызметтері бірлесіп өткізді. Кеш қонақтары: оқырмандар мен кітапханашылар, Алматы қ. жоғарғы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, Қаскелен Мәдениет колледжі және БАҚ өкілдері.