2019 жылғы 22 тамызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Кәрі Жолдыбике Нүсіпқызының «Әке арманы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның модераторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» сыйлығының лауреаты, актер – Есеналиев Байғали Мақұлбекұлы.
Шараны ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы құттықтау сөзбен ашып, ұзақ жылдар бойы Ұлттық кітапханада еңбек еткен Кәрі Жолдыбике Нүсіпқызына алғысын білдіріп, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар, Жолдыбике Нүсіпқызының ұрпақтарына құнды кітаптарды сыйға тартты.
Шара аясында Жолдыбике Нүсіпқызымен әріптес болған Маметова Айман Қанатқызы, Байбосынова Алтынай, Ходжикова Сәуле Кулахмедовна, Бақыт Айдарханқызы, Ұлттық кітапхананың «Қорды қабылдап алу, бақылау және толықтыру» қызметінің жетекшісі Қаншайым Мұсақызы және «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметінің қызметкері Айхан Құдайбергенқызы т.б. қонақтар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Қаскелең мәдениет колледжінің ұстаздары Бейсембаев Теип Шәріпұлы мен Асқар Мұқанов әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен Ұлттық кітапхана қызметкерлері, оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты.