+7 (727) 267-28-83

«Өнер» бөлімінің оқу залында жырау,  ақын Сүгір Бегендікұлының (1894-1974) 125 жылдығына арналған «Жыршылық өнер жүйрігі» атты кітап көрме­сі ұйымдастырылды.

01012

Сүгір Бегендікұлы 1894 жылы Маңғыстауда дүниеге келген. Сүгірдің әкесі Меккеге екі рет барған қажы, діндар адам болған. Сүгір бала кезінде тоғыз жыл молдалардан дәріс алды. Әли Тауанның асына арналған жиында 27 жастағы   Сүгір бүкіл елге әйгілі болды.

Сол жиында көптеген белгілі әншілер мен жыршылар өздеріне белгіленген, жеке киіз үйде халық алдында өнер көрсетті. Белгілі бір уақыттан кейін халық Сүгір өлең айтып жатқан жерге жинала бастады. Соңында сыртта жиналған тыңдармандар алты қанат киіз үйді көтеріп, шет жаққа апарып қойғаннан кейін жырау екі мыңнан аса тыңдаушылар алдында ашық алаңда қалды.  Сүгірдің руластары мен жерлестері Кеңес өкіметін қабылдамай, қолдағы қаруларымен қарсы шықты, 20-30 жылдары адай руы Маңғыстаудан көшіп кетеді. Сонда да жырау Маңғыстауды сағынды. Түрікменстандағы Сүгірдің өмірі  оңай болған жоқ, басқа адамдар сияқты кез-келген жұмысты атқарды, мәселен, мақта теру. Жаяу жүргеннің өзі қорлық саналатын дәстүрлі қазақ үшін бұл тек физикалық қана емес, сондай-ақ рухани жағынан да қиын болды. Сүгірдің арманы Маңғыстауға оралу болды. Осы арманын 1968 жылы жүзеге асырды. Хорезм халқымен қоштасу кезінде айтқан термесі қазақ дәстүрлі  мәдениетінің нағыз өмірін бейнелейді. 70 жастағы жырау өзінің туған жеріндегі ауылына сәнмен оралуын, үлкен туысқандарының оны қуана қарсы алуын, сұлу жеңгелері қылымсып Сүгірге тағы да өлең айтуын өтініп сұрауын, атақты жыраудың келгені туралы сүйінші сұрап, көршілерін оны тыңдауға шақырып, жастардың атта шапқылауын, келіндердің әншіге жақындауға ұялып, алыстан сирек келетін қонақты көруге ынтыққандарын, оған ең жақсы киіз үйді қалай дайындағанын, мол дастарқан жайып, батасын алу үшін бойжеткен қыздар түні бойы таң атқанша өлең айтатын жыраудың тамағын жібітіп, арасында шынымен қалай  шай құйғанын елестетеді. Сүгірді тек халық қана сағынған жоқ, сондай-ақ ол да оларды және өзінің туған отаны Маңғыстауды сағынды.

Кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасының күйтабақтар, кітаптар, ноталар және мерзімді басылымдар қорынан Сүгір Бегендікұлының  өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар ұсынылған. 

Кітап көрмесіне келіңіздер!