+7 (727) 267-28-83

Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы»  РММ  директоры

Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы, 13.06.1962 жылы туған, 1987 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Ұлттық кітапханасында еңбек етіп келеді. 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Ұлттық кітапхананың директоры қызметін атқарады. Жалпы кәсіби еңбек өтілі – 38 жыл, Ұлттық кітапханадағы еңбек өтілі – 31 жыл.

Ұлттық кітапханадағы еңбек жолын түрлі құрылымдық бөлімшелерде кітапханашы, топ жетекшісі қызметтерінен бастады. 2005-2011 жж. аралығында ұйымдастыру-кадр қызметінің жетекшісі болды, 2011 жылы бас директордың орынбасары болып тағайындалды, 2012-2016 жж. аралығында бас директордың бірінші орынбасары, 2016-2017 жж. аралығында директордың ақпараттық-технологиялар және ұйымдастыру-кадр жұмыстары бойынша орынбасары, 2017 жылдан бастап директордың кітапханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды.

1983 жылы Қостанай мәдени-ағарту училищесін кітапханашы мамандығы бойынша, 1997 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын библиограф мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтады. 1979-1987 жж. аралығында  аға кітапханашы, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының м.а., Қостанай облысы Наурызым ауданындағы аудандық мәдениет бөлімінің  инспекторы қызметтерін атқарды.

Өзіне жүктелген міндеттерді аса жауапкершілікпен сезіне отырып, бар  күш-жігерімен және білім-қабілетімен кітапхананың игілігі, еліміздің кітапхана ісін нығайту  үшін еңбек етуде. Кітапхананың дамуына, кітап қорын толықтыруға, кітапхананың имиджін көтеруге, басқа да қоғамдық ұйымдармен байланысты орнатуға бағытталған көптеген жұмыстар атқарды, кітапхананың халықаралық кітапханалық-ақпараттық кеңістікте лайықты орын алуына,  шетел, ТМД кітапханалары арасында ынтымақтастық қатынастардың дамуына, өзара ақпараттар алмасуға және мәдени іс-шаралар өткізуге үлкен еңбек сіңірді.   

Еліміздің ұлттық библиографиясын қалыптастыруға өзіндік үлес қосып, ұсыныстық библиография және ақпараттық құралдар бойынша 20-дан астам құрастырушылық, редакторлық жұмыстарын орындады, жылсайынғы «Қазақстан Республикасында аталып өтілетін және еске алынатын күндер» күнтізбегінің құрастырушы редакторы, «Қазақстан кітаптары» қорын қалыптастыру» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тарихы» тақырыбы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысының бірлескен орындаушысы болды. Кітапхананың жұмыс үдерістеріне жаңа технологияларды енгізуге, соның ішінде жаңа отандық WEB-РАБИС ақпараттық жүйесін құрастыруға және  енгізуге белсенді атсалысты. Кітапхана оқырмандарына қызмет көрсету әдістерін жетілдіруге, кітапханаға және кітап оқуға оқырмандарды тартуға  елеулі үлес қосты,  сондай-ақ Елбасының жолдаулары мен бағдарламалық мақалаларында алға қойылған міндеттерді ілгерілету мақсатында мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға жетекшілік етті.

Сонымен қатар, республика кітапханашыларының кәсіби біліктілігін көтеруге, аймақтарда семинар-тренингтерді ұйымдастыруға және өткізуге ықпал етті.

Кітапханадағы қызмет жылдарында Оспанова Б.К өзін сауатты, білімді, ісіне  шығармашылық тұрғыда қарайтын білікті маман ретінде көрсете білді. Дүниетанымдық қабілеті жоғары және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылады, өзін құзыретті және білікті басшы ретінде көрсете білді. Еңбекқорлығымен, қайырымдылығымен, жайдары мінезімен, үздіксіз үйренуге деген құлшынысымен және  жоғары ұйымдастырушылық қабылетімен ерекшеленеді. Отандық және шетелдік кітапханалардың инновациялық жетістіктерін жете зерделеп, кітапхананың тәжірибесіне енгізіп отырады. Әріптестерінің арасында үлкен құрмет пен беделге ие.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен (2011 ж.), «Қазақстан  Республикасының  тәуелсіздігіне  20  жыл»  мерекелік  медалімен (2011 ж.), «Қазақстан  Конституциясына  20  жыл»  мерекелік  медалімен (2015 ж.), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен (2013 ж.) марапатталған.

 

Басшының блогы

bossa1 240x320

 

Сайтта

Қазір сайтта 152 қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.