Қытай мәдениеті мен әдебиеті залында «Қытай Халық Республикасы әдебиеті бойынша Нобель сыйлығының лауреаты – Мо Янь» атты жазушының 70 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мо Янь – заманауи қытай жазушысы, ол 1955 жылы 17 ақпанда Қытайдың Шаньдун өлкесінде дүниеге келген. Гонконг ашық университетінің философия ғылымдарының докторы. «Халық ертегілерін тарих пен қазіргі заманмен біріктіретін галлюцинаторлық реализмі үшін» 2012 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері. Шетелде «Қызыл гаолян» фильміне бейімделген романның авторы ретінде танымал. Мо Янь – қытай тілінен аударғанда «үндеме» дегенді білдіретін бүркеншік ат. Шын аты – Гуань Мое.
Жазушы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап шығармашылығын қолға алған. 1987 жылы жарық көрген «Қызыл гаолян» хикаясы ел ішінде «Үздік хикаят» сыйлығын жеңіп алады, кейін осы шығарма негізінде кино түсіріліп, Берліндегі кино бәсекесінде «Алтын аю» сыйлығы берілді, осыдан кейін жазушының есімі елде, сондай-ақ, шет елдерде танымал бола бастайды.
Жазушының үздіксіз қалам тербеген өмірілік тақырыбы – ауыл тіршілігі болып келеді. Оның туған жері Гаоми – атам заманнан бері ел арасында таралып келе жатқан романтикалық хикметтер мен түрлі ғажайыптарға толы Қытай мәдениетінің қайнаған жері.
2023 жылы 28 қарашада Шаньдун өлкесінің Гаоми қаласында Мо Яньның әдебиет-коркемөнер мұражайы ашылды. Мұражайда Мо Яньның қолжазбалары және шет тіліне аударылған кітаптары, түрлі марапаттары, оның шығармашылық өміріне байланысты заттары қойылған. Мо Яньның шығармалары ағылшын, француз, неміс және жапон тілдері сияқты бірнеше тілге аударылған.
ҚР Ұлттық кітапханасының қорынынан көрмеге «Мо Янь шығармалар жинағы» сериясымен шыққан «Бақа», «Сандал ағашының қылмысы», «Арақ ұлысы», «Қызыл орман», «Етжеңді» сынды 20 томы және қазақ тіліне аударылған «Қызыл Гаулян», «Өмір мен өлім азабы» кітаптары, сонымен қатар, газет-журналдардағы қазақ, орыс тілдеріне аударылған әңгімелері ұсынылды (142 дана басылым).
Баршаңызды кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз!