+7 (727) 267-28-83

Музей

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің 100 жылдығына арналған «Орталық музейдегі ғажайыптар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағындағы ең көне және ірі музейлердің бірі болып табылады. Оның қоры 300 мыңға жуық сақталым бірлігінен тұрады. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында кездейсоқ табылған және қазақ өлкесінің танымал зерттеушісі Ж.-А. Кастаньенің археологиялық экспедициясы материалдарына басымдылық бере отырып, археологиялық топтамаларының негізі қаланды.

Кеңес Үкіметі кезіндегі Қазақстан музейі ісінің қалыптасуы мен дамуы 1921 жылғы Қаз КСР Халық ағарту комиссариатының «Орынбор өлкелік музейін Қырғыз өлкесінің Орталық өлкетану ғылыми музейі ретінде қайта құру» туралы қаулысының қабылдануынан басталды. 1921 жылы Орынбор губерниясының атқарушы комитеті мен Халық ағарту комиссариаты арасында музей корын өткізуге байланысты жұмыстар аяқталды, актіге қол қойылып, Қазақ өлкелік Орталық Мұражайы құрылды. 1929 ж. Қазақстан өлкелік Орталық мұражайы жаңа астана Алматы қаласына көшіріліп, Жетісу губерниясы музейімен біріктіріліп, еліміздегі іргелі мәдени ордаға айналды. Оның қорында Қазақстанның ежелгі дәуірінен бастап қазіргі күніге дейінгі тарихынан сыр шертетін 200 мыңнан астам жәдігерлік бұйым жинақталған. Ғалам, дүние жаратылысы туралы мұражайдың палеонтология залында кембрий дәуірінен бастау алып, голоценге дейінгі кезеңді қамтитын жәдігерлер бар.

Қазіргі уақытта музейде алты негізгі стационарлық залдар - олардың әр түрлі топтамалары палеонтологиялық дәуір туралы ғана емес, Қазақстанның ежелгі, орта ғасырлық, жаңа, қазіргі заманғы тарихы, дәстүрі жайында сыр шертеді.

«Ашық қор» деп аталатын бесінші зал мұрағаттың ерекше мақтанышы. Онда археологиялық алтынның бірегей жинақтары қойылған.

ҚР Мемлекеттік Орталық музей топтамамаларында сан ғасырдың аймақтары мен ескерткіштері қамтылған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің алғашқы топтамалары Орынбор музейі жинақтары негізінде қалыптасты. Музей қорында Қазақстанның ежелгі тарихы мен елімізде өмір сүретін халықтардың тұрмыс-салтына қатысты суреттер, деректер, қолжазбалар, көне түркі, шағатай, қазақ, араб, парсы және т.б. тілдердегі сирек кездесетін деректемелік материалдар мол. Тасқа, ағашқа, темірге, күміс теңгелерге жазылған көне жазулар, араб әрпімен, қазақ тілінде жазылған қолжазбалар да көп. Құран, хадис, шежіре тәрізді көне жәдігерлер сақталған.

Музей корында Қарғалы қазынасынан табылған алтын заттар, скиф-сак әлемінің үлкен топтамасы, Абайдың қолжазбасы, Ш.Уәлиханов, Ә.Жәнгелдин және т.б. жеке заттар сакталған. Музейде Қазақстанның әр өңірінен жинакталған халқымыздың материалдық мәдениетінің ескерткіштері, түрлі шаруашылық және тұрмыстық бұйымдары, әшекейлер, ұлттық киім-кешектер, ыдыс-аяқтар, кілем, алаша және т.б. мүліктер сақталған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі жылына шамамен 250 мыңдай адам қабылдайтын, еліміздегі адам ең көп баратын музей.

Кітап көрмесі екі бөлімнен тұрады. «Мәңгілік шежіре мекені» атты бірінші бөлімінде ҚР ММ қалыптасу және даму тарихы туралы кітаптар мен мақалалар бар. «Қазақстан ғылымы», «Алматы», «Қазақ өнері», «Қазақстанның сәулеті және құрылысы» энциклопедияларында, «Ақ қанатты Алматы», «Әлем музейлерінің тарихы» кітаптарында мұражай құру, оның қорлары мен топтамаларын қалыптастыру кезеңдері туралы ақпарат ұсынылған.

«Кеше мен бүгіннің айнасы» атты екінші бөлімінде музей қызметкерлері бірнеше буынының ғылыми-зерттеу қызметі туралы еңбектері, музеология бойынша басылымдар, «Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейі» жолсілтемесі, «Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейі» фотоальбомы, «ҚР ОММ қорларындағы сирек қолжазбалар мен басылымдар», Ғылыми каталогтары және «ҚР ОММ археологиялық тұжырымдамаларындағы Қазақстанның сақтары мен үйсіндерінің мәдениеті», ҚР МЖМ қорлары «Шығыс монеталары» безендірілген ғылыми каталогы ұсынылды.

Көрменің мақсаты: көрмеге келушілерді еліміздің ірі музейінің тарихымен таныстыру, дамудың негізгі кезеңдері мен қызмет бағыттары туралы түсінік беру. «Орталық музейдегі ғажайыптар» көрмесінде Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейі туралы 200-ге жуық түрлі ақпарат түрлері қойылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!