Түркістанда “Құрмет” орденінің иегері, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрайымы Бакытжамал Оспановамен «Махаббатым – кітап, мамандығым – кітапханашы» тақырыбында бенефис-кеші өтті.
Бұл кәсіби форматтағы жиын тақырыпқа сай көрме инсталляциясын таныстырумен басталды. Кешті Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев құттықтау сөзбен ашты.
Ол кеш кейіпкерінің кітапхана саласындағы атқарып жатқан еңбегіне тоқталып, облыс әкімінің арнайы құттықтау хатын табыстады.
Аталмыш шараға кейіпкерді қолдап, әріптестердің ыстық ықыласын арқалап барған ҚР Ұлттық кітапханасы Қорларды толықтыру қызметінің жетекшісі, кітапхана саласының ардагері Қ. Изамбекова кеш қонағы болды.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдерінің және мемлекет қайраткерлерінің Бақытжамал Қайырбекқызына арнаған құттықтау-бейнежолдаулары көрсетілді.
Жиналған кітапханашылар кейіпкерге өздерінің түрлі сауалдарын қойып, кітапхана саласына байланысты пікір алмасты.
Ал, кеш кейіпкері өзінің еңбек жолы туралы әңгімелеп, жиған өмірлік, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, “Кітапханашы – әмбебап маман, ол - философ, тарихшы, түрлі мамандық иесі. Сол себепті, жан-жақты болуы керек. Әрбір оқырманды кітап оқуға баули отырып, болашақ ғалымды тәрбиелеп шығуға ықпал етеді”, - деді кітапхана ісінің майталманы.
Аталған шарада Бақытжамал Қайырбекқызы түркістандық үздік кітапханашыларға «Кітапхана ісінің ардагері», «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» және «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерін табыстап, арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы қорытынды сөз сөйлеп, бүгінгі кештің тарихи маңызына тоқталды.
Аталған мазмұнды кешті облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырды.