+7 (727) 267-28-83

естай

Өнер бөлімінің оқу залында ақын, әнші, композитор, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай Беркімбаевтың 150 жылдығына арналған «Естай — махаббат жыршысы» кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы - әнші, ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1939), Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі (1940).

Естай Беркімбайұлы 1874 жылы Павлодар облысы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген. Ол шығармашыл отбасында өскен — анасы Күліпа мен ағасы Байтұлым танымал әншілер болған, олардан жас Естай көптеген жырларды, дастандарды, толғауларды үйреніп, орындаған. Он алты жасында халық әндерін дарынды орындауымен атаққа ие болды. Омбы, Көкшетау, Қызылжар, Семей, Зайсан қалаларында және Тарбағатай маңында, Алматы қаласында үлкен мерекелерде өнер көрсетіп, атақты әншілермен, ақындармен: Ақан сері, Жарылғапберді Жұмабайұлы, Балуан Шолақ, Сәтмағамбет Ахметов, Үкілі Ыбырай, Шашубай Қошқарбаевпен бірге өз шығармаларын орындады.

Композитордың алғашқы туындысы - «Шолпан қаққан» әні. Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Ашу-пышақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Ғашық», «Қаламқас», «Қара көз» әндері қазақ музыкасының маржандары болып табылады.

«Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері Естайдың есімін аңызға айналдырды. Бұл әннің әуені М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операларында, С.И. Шабельский мен Л.М. Шаргородскийдің қобыз және оркестр концертінде пайдаланылды.

Естай Беркімбайұлы кеңес заманында «Туған күн», «Достар», «Өмір», «Қоңыр жел» әндерін жазған. Естайдың әндерін алғаш рет қазақ фольклорының белгілі жинаушысы А.В. Затаевич жазды. Естай 1939 жылы Алматыға келіп, өз әндерін музыкалық зерттеуші және композитор Б.Г. Ерзаковичке орындады. Осы сапарда ол халық ақыны Жамбылмен танысты. Ақын Қ. Аманжолов әншінің аузынан «Хорлан» әнін естіп, «Хорлағайын» (1939) драмалық поэмасын жазған.

Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 2-ші съезіне қатысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында адамдарды жауынгерлік және еңбек ерліктеріне өз өнерімен шабыттандырған. 1945 жылы ақын Абайдың 100 жылдығын мерекелеуге қатысып, ақындар Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартаймен бірге өнер байқауына қатысты. Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы А.Жұбанов пен Б.Ерзакович зерттеу жұмыстарын жазды. Ақын М. Әлімбаев «Естай - Хорлан» поэмасын Естайдың өмірі мен шығармашылығына арнады.

1946 жылы Естай ауыр сырқаттанып, туған жеріне оралып, Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылына жерленді. Павлодар қаласындағы көше мен Ақтоғай ауданындағы қиылысқа Естай есімі берілді.

Естай кесенесі республикалық маңызы бар кесене болып саналады және ол мемлекет қорғауында.

Көрменің мақсаты - әнші Е.Беркімбаевтың өмірлік жолы мен шығармашылық өмірбаянын жарықтандыру, оқырмандардың өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Кітап көрмесінде Е.Беркімбаевтың өмірі мен шығармашылығының бірегей қырларын көрсететін кітаптар, энциклопедиялар, журналдар ұсынылған. Мысалы, А.В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» және «500 қазақ әні мен күйі», Б.Г. Ерзаковичтің «У истоков казахского музыкознания», «Песенная культура казахского народа», «Музыкальное наследие казахского народа», А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары», «Қазақ композиторларының өмірі мен шығармашылығы» және т.б

 Кітап көрмесіне шақырамыз!