2024 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қырғыздың халық жазушысы, Тоқтоғұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың «Көкжал» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараның модераторы – ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақ радиосы» Алматы филиалының бас редакторы Бақыт Жағыпарұлы.
Шарада Түркі халықтары Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет; ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы; Алматы қаласы Мәдениет басқармасы төрағасының орынбасары Халбеков Арман Бейсенбайұлы; Қазақстанның Еңбек Ері, драматург, жазушы Дулат Исабеков; Қазақстанның Халық жазушысы Елубай Смағұл Абатұлы; М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы; жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбай; Қазақстанның Халық жазушысы Ахметжан Ашири; “Атамұра” баспасының вице-президенті Құл-Мұхаммед Рахима Абрарқызы; ақын, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы; «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Саят Қамшыгер және т.б. зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, бауырлас ел қырғыз бен қазақ әдебиетінің тығыз қарым-қатынасы туралы жылы пікірлерін білдірді.
«Көкжал» кітабындағы шығармалар автордың қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы, терең дүниетанымы, айқын көзқарасы арқылы біздің дәуіріміздің тұтас панорамасын бейнелейді. Сондай-ақ, автор өз замандастарының сан алуан мінез-құлқы мен жан дүниесін ашып, психологиялық, рухани қырларын шебер суреттеген. Кітап нәзік лиризм, ішкі драматизм философиялық мәнерімен, оқуға жеңіл тілмен, ұнамды әзілімен ерекшеленеді.
Шара аясында «Көкжал» кітабының таныстырылымы жасалып, аталмыш кітаптың 5 данасы Ұлттық кітапхана қорына сыйға тартты.
Шара соңында Қырғыздың халық жазушысы Сұлтан Раев аталмыш еңбегін қазақ тіліне аударған қазақ аудармашыларға, «Атамұра» баспасының ұжымына және іс-шараны ұйымдастырған Ұлттық кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Ұлттық кітапхана қорынан Сұлтан Раевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қатысушылар: ақын-жазушылар, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының мүшелері, БАҚ өкілдері және т.б.
![]() |
![]() |
![]() |
||
![]() |
![]() |
![]() |