+7 (727) 267-28-83

борис е

Өнер бөлімінің оқу залында музыкатанушы, композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Борис Ерзаковичтің 115 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ музыкасының белгілі зерттеушісі - Борис Ерзакович» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Борис Ерзакович 1908 жылы Ақмолада дүниеге келген. Омбы мемлекеттік музыкалық техникумын және Бүкілодақтық радио комитеті жанындағы музыкалық редакторларға арналған арнайы курстарды бітірген.

1931-1938 жылдары Қазақ радиосының музыка редакторы, 1938-1943 жылдары Қазақстан өнер істері басқармасының музыкалық бөлімін басқарды. 1949 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, 1950-1961 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының өнертану секторын басқарды. 1961 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының театр және бейнелеу өнері бөлімін басқарды, 1961 жылдан бастап Алматы консерваториясында қазақ музыкасының тарихынан сабақ берді. Б. Ерзаковичтің ұстазы Е.Г. Брусиловский болды.

1931 жылдан бастап ол қазақтың музыкалық фольклорын жинақтап, 2500-ге жуық ән мен күй жазды. Б. Ерзакович «Музыка Советского Казахстана» (декада Советской музыки в Средней Азии), «Песенная культура казахского народа», «Музыкальное наследие казахского народа», «Казахское народное песенное творчество дооктябрьского периода», «У истоков казахского музыкознания», «Hародные песни Kазахстана», «Песни Кенена Азербаева», «Музыкальное воплощение казахского эпоса», «Kазахские советские народные песни», «Творческие связи казахской и русской музыки» қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптардың, халық композиторлары, әншілер Біржан, Мұхит, Жаяу Муса, Абай шығармалар жинағының авторы. Ерзаковичтің музыкалық еңбектері мен мақалалары Қазақстан музыка мәдениетінің тарихына арналған. Ерзакович композитор ретінде оркестрге арнап: Қазақ тақырыптарына арналған увертюра, «Tөлеген Tоқтаров» поэмасы; фортепианоға арналған екі ішекті квартет – халық тақырыбындағы «Япурай», «Мәншүк Мәметова туралы сонаталар» вариациялар; «Mаленький музыкант» - қазақ тақырыптарындағы 20 пьеса; хор, ән, романс, «Амангелді», «Шоқан Уәлиханов» спектакльдеріне арналған музыкалар жинағы және т.б.

Борис Григорьевич Ерзакович «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған, Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты.

1997 жылы 2 мамырда Алматы қаласында қайтыс болды.

Көрменің мақсаты – көрнекті музыка зерттеушісі, композитор Борис Ерзаковичтің музыкалық және ғылыми мұрасын насихаттау.

Кітап көрмесінде Б. Ерзаковичтің өмірлік, шығармашылық және педагогикалық жолын ашатын кітаптар ұсынылған: авторлық кітаптар - «Музыкальное наследие казахского народа»; «Б.Г.Ерзакович – музыка зерттеушісі»; «У истоков казахского музыкознания»; «Қазақ халқының ән мәдениеті»; «Народная музыка Казахстана»; «Қазақ халқының ғашықтық әндері антологиясы»; сонымен қатар, «Борис Ерзакович»; «Қазақстан композиторлары»; «История казахской музыки»; К.М.Байпаков, Б.Г.Ерзаковичтің «Древние города Казахстана»; П.В.Аравиннің «Степные созвездия»; Т.Қоңыратбайдың «Әлемдік музыка тарихы»; Б.Гизатовтың «От кюя до симфонии»; А.Қ.Жұбановтың «Ән-күй сапары» және т.б.

Сондай-ақ, кітап көрмесінде оқырмандар мерзімді басылымдардағы мақалалармен, ноталық жинақтармен, музыкалық шығармалармен, партитуралармен танысуға, Қазақстанның жетекші солистерінің орындауында Б.Ерзаковичтің винилді күйтабақтарға жазылған шығармаларынан жазбаларды тыңдауға мүмкіндік алады.

 

 

Кітап көрмесіне шақырамыз!