+7 (727) 267-28-83

шәкәрім

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінде Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Қазақ айнасы» атты сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі ұйымдастарды.

Қазақ ақыны, философ, аудармашы, композитор, тарихшы, жазушы Шәкәрім Құдайбердіұлы жас кезінен Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленді. Абай немере інісі Шәкәрімнің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер етті. Жазып кеткен мұраларын зерделей келе ақынның орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгергенін және Батыс, Шығыс әдебиетін жақсы білгенін аңғаруға болады. Ақын өлең, дастан, әңгіме, қара сөз, философиялық ой-толғамдары арқылы қазақ өміріндегі оқиғаларға үн қосып отырды.

Шәкәрім Құдайбердіұлының Ұлттық кітапханада сақталған еңбектерінің ең құндысы, жауһары – ақын шығармаларының қолжазбалары.

1936 жылы ақынның баласы Ахат Құдайбердиев екі дәптерге өзі көшірген қолжазбаны кітапханаға әкеліп өткізген. Сонау 1930-шы жылдардағы есеп-қисапқа арналған бұл дәптерлердің көлемі үлкен, мұқабасы қатты картоннан жасалған. Қолжазба араб графикасымен көшірілген. Қолжазбаға енген ақынның шығармаларының тізімі латын алфавитімен жеке дәптерге жазылған және дәптердің бірінші бетінде Ахат Құдайбердиевтің фотосуреті берілген. Тізімнің соңында: «Бұл тізімдегі әңгімелерді мен Шәкәрімнің өз қолжазбасынан көшіргенмін (1928). Шәкәрімнің шығармалары осы ғана емес. Басқа көп, ірі жазбалары болатын. Олардың қайсы біреулері тірі күнінде баспаға жіберілген. Өзінің қолымен жазылған барлық шығармалары Қытайға кеткен баласының қолында болуы керек. Шәкәрім өлгеннен кейін мен баспаға «Нартайлақ - Айсұлу» деген әңгімесі мен «Әділ Мария» деген әңгімесін бердім. 1936 ж. 8 май», – деп Ахат Құдайбердиев түсініктеме бере кетеді.

«Қалқаман-Мамыр» дастанының қолжазбасы екі түрлі форматтағы қағазға жазылып, бірге түптелген. Қолжазба Ахат Шәкәрімұлының жазуына ұқсамайды. Қолжазбаның соңында «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы марқұм біздің атамыздың інісі еді» деген жазу бар.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының қорында Шәкәрім Құдайбердіұлының 1920-30 жж. баспа бетінде жарық көрген шығармаларының біразы бар. «Айқап», «Таң» журналдары, «Қазақ» газеті және басқа да мерзімді басылымдар Шәкәрім Құдайбердіұлының мақала, өлеңдерін басып, оның кітаптары туралы пікірлерді молынан жариялап отырған. Мәселен, Шәкәрім 1907 жылы Физули дастанының сюжеті бойынша «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын жазып, оны алғаш рет «Шолпан» журналында 1922-1923 жылғы 2-8-ші сандарында жариялады. «Ұлтшылдық туралы» мақаласы 1918 жылы «Абай» журналынның 3-і санында жарияланған.