+7 (727) 267-28-83

Ходжиков

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер, сценарист Сұлтанахмет Қожықовтың 100 жылдығына арналған «Қазақ киносының тарланы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сұлтанахмет Қожықов 1923 жылы 10 наурызда Әулие-Атада дүниеге келген. Әкесі Қоңырқожа Қожықов қоғам қайраткері, анасы Ләтипа Мұңайтбасқызы Лапина-Қожықова кәсіби театр әртісі болған. Олардың үш ұлы суретші, ал Сұлтанахмет режиссер болды. 1939-1940 жылдары С.Қожықов Алматы қалалық халық ағарту бөлімінде қызмет етті. 1941-1945 жылдары 8-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының құрамында шайқасты. Мәскеуден Курландқа барды, жараланды. Соғыстан оралған соң мерзімді басылымдарда карикатуралары мен саяси  тақырыптағы суреттерін жариялай бастады. Үлкен ағасы Құлахметтің кеңесімен ВГИК-ке режиссерлік факультетке түсіп, оқытушы-режиссер Лев Кулешов пен режиссер Александр Довженконың студиясында білім алды. 1953 жылдан Алматы киностудиясының, кейін «Қазақфильм» киностудиясының директоры, 1974 жылдан бастап көркемдік жетекші болды. 1955 жылы өзінің жеке сценарийі бойынша «Ана мен бала» алғашқы көркем фильмін, кейін Қажымұқан Мұңайтпасов туралы «Бізді танып қойыңдар» көркем фильмін түсірді. Бірқатар фильмдері сценарийлерінің авторы С.Қожықов тарихи, заманауи және эпикалық тақырыптарға сценарий жазумен айналысты, соның ішінде: «Біз Жетісуданбыз» (1958), «Егер біздің әрқайсымыз» (1961) және «Шыңдағы шынар» (1965). С.Қожыков 1970 жылы ұлттық кинематографияның ең үздік фильмдерінің бірі «Қыз-Жібек» фильмін түсіріп, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы марапатына ие болды. Тбилисиде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде тарихи тақырыпты бейнелі ашқаны үшін «Қыз-Жібек» фильмі арнайы дипломмен марапатталды. Ол бүкіл өмір жолында отандық киноның ең көп табыс әкелген фильмі болды.      

Сұлтанахмет Қожықов Қызыл Жұлдыз орденімен және КСРО медальдарымен марапатталған. Режиссердың құрметіне Алматы қаласындағы №39 мамандандырылған мектеп-лицейіне есімі берілді. Режиссердің өмірі мен қызметі туралы «Сұлтанахмет Қожықовтың соғысы мен бейбітшілігі» деректі фильмі түсірілді.

Сұлтанахмет Қожықов 1988 жылы 11 наурызда Алматыда қайтыс болды.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды Қазақстан өнер қайраткерлерінің өмірі және өмірбаянымен таныстыру, өнер және отандық кинематография туралы әдебиеттерді кеңінен насихаттау. Кітап көрмесінде сценарист Сұлтанахмет Қожықовтың өмірі мен шығармашылығын баяндайтын кітаптар: Қ.Сирановтың «Киноискусство советского Казахстана», «Кино. Жылдар. Ойлар»; «Қазақстан киноэнциклопедиясы»; Б.Р.Нөгербек, Г.Қ.Наурызбекова, Н.Р.Мұқышев «Қазақ киносының тарихы»; Б.Ногербек «Казахское игровое кино: экранно-фольклорные традиции образ героя»: монография; Б.Р. Нөгербек «Кино Казахстана»; Қ.Смайылов «Фильм осылай туады»; А. Бөпежанов «Сахна сәулесі»; «Қазақ өнерінің тарихы»; А.Федулин «Кино в Казахстане»; Е.Төлеубай «Режиссер танымы»; Ж.Хаджиев «Өмір...Өнер монологы» және т.б. Сондай-ақ, мерзімді басылым беттерінде баяндалған режиссердің өмір жолы, шығармашылығы мен шеберлігі туралы сұхбаттар мен әңгімелер оқырмандардың қызығушылығын арттырады.

Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!