+7 (727) 267-28-83

Макаренко

Әлем әдебиеті залында кеңестік педагог, орыс жазушысы А.С. Макаренконың туғанына 135 жыл толуына орай «Ұлы ұстаз – Антон Семенович Макаренко» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Макаренко А.С. 1888 жылы 13 наурызда Харьков губерниясы Сумы уезінің Белополье қаласында дүниеге келген. 1897 жылы бастауыш теміржол мектебіне оқуға түседі. 1904 жылы Кременчугтегі төрт жылдық мектепті және бір жылдық педагогикалық курстарды (1905 ж.) бітіріп, Крюков қаласында теміржол училищесінде мұғалім болып жұмыс істей бастады. 1914 жылы Полтава мұғалімдер институтына оқуға түсіп, оны үздік бітірді. Институтта оқуымен бір мезгілде А.С. Макаренко «Мазмұнсыз күн» повесін жазып, әдебиет саласында бағын сынай бастады. 1914 немесе 1915 жылдары алғашқы әңгімесін жазып, Максим Горькийге жібергенімен, ол әңгімені әдеби тұрғыдан әлсіз деп таныды. Осыдан кейін Макаренко он үш жыл бойы жазумен айналыспай, дәптер жүргізді. «Марш 30 года» және «ФД-1» (1932) Ф.Э. Дзержинский атындағы Коммуна туралы кітаптардан кейін, Макаренконың негізгі көркем шығармасы «Ұстаздық дастаны» (1925-1935) аяқталды.

Макаренко Антон Семенович – ең ұлы педагог-практик, тамаша жазушы және жасөспірімдер психологиясының білгірі, қоғам қайраткері. Оның әдеби шығармашылығы алуан түрлі, сыни және ғылыми мақалалардан бастап ірі көркем шығармаларына дейін.

А.С. Макаренко қиын балаларды «қайта тәрбиелеу жүйесі» үшін дүние жүзінде танылған. 1936 жылы оның «Методика организации воспитательного» атты алғашқы ірі ғылыми-педагогикалық еңбегі шықты. 1937 жылы «Книги для родителей» бірінші бөлімі жарық көрді. Макаренконың «Флаги на башнях» шығармаларында, «Честь» әңгімесінде, «Пути поколения» романында оның педагогикалық тәжірибесі мен педагогикалық көзқарастары айтылады. 1939 жылы А.С. Макаренко қайтыс болып, Мәскеудегі Новодевичье зиратында жерленді. 1988 жылы ЮНЕСКО шеңберінде А.С.Макаренко 20 ғасырдағы педагогикалық ойлау жолын анықтаған төрт үздік әлемдік педагогтардың бірі болып танылды.

Ресейде 2003 жылдан бастап «Халықтық білім» журналының редакциясы мен Халықаралық Макаренко қауымдастығы А.С. Макаренко атындағы «Педагогикалық ерлігі үшін» және «Педагогикаға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша медаль тағайындалады. Бұл медальға ең бірінші болып марапатталған А.С. Макаренко өзі тәрбиелеген орыс балалардың ішіндегі ең үлкені, сол кезде көзі тірі Иван Демьянович Токарев болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы қорындағы кітап көрмесіне А.С. Макаренконың қазақ, орыс, француз, ағылшын, испан, араб, бенгал, венгр тілдеріндегі шығармалары ұсынылды.

Баршаңызды кітап көрмесіне шақырамыз!