13 қаңтар, сағат 11:00-де Н.Дәулетова атындағы залда мәдениеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің 80 жылдығына арналған «Өткірдің жүзі» атты кездесу кеші өтеді.
Әуезов Мұрат 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Меркі ауданында дүниеге келген. 1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыс тілдері институтын бітірді. Филология ғылымдарының кандидаты.
М.Әуезов – қай салада болмасын қызметі адами қарым-қатынасқа өзгеше деңгей, кәсіби талаптарға басқаша көрсеткіш, мақсаттар мен жетістіктерге өзгеше биіктік беретін сирек тұлғалардың бірі. М.Әуезовтің өмірінде саяси және қоғамдық қызмет маңызды орын алады. Студенттік жылдары «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысының негізін қалаушылардың бірі және жетекшісі болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің алғашқы қалыптасу жылдарында, ол «Азамат» қоғамдық қозғалысын, кейін партиясын құруға қатысып, оның тең төрағасы болды. Қазақстандағы ядролық сынақтарға қарсы халық наразылығы кезеңінде М.Әуезов «Невада-Семей» ядролық қозғалысының бірінші вице-президенті болды.
1970-1976 ж. «Эстетика кочевья» ұжымдық монографиясын әзірлеген Философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етті. 1981-1987 жж. - «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы. 1988-1990 жж. Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыс жөніндегі алқа жетекшісі, 1990-шы жылдардың соңында - Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланып, онда Кеңес Президумының мүшесі, Парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды. 1992-1995 жылдары - Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 1995 жылы - Алматы облысы әкімдігі Ақпарат және қоғамдық келісім департаментінің басшысы қызметін атқарды. 1999 жылдан «Сорос – Қазақстан» қорының атқарушы директоры, 2002 жылы осы қордың президенті болды. 2003 жылдан бастап М. Әуезовтің қызметі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асырумен байланысты. Сол жылдары ол ҚР Президент жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі болды. 2003-2007 жылдары ҚР Ұлттық кітапханасының Бас директоры қызметін атқарды.
«Времен связующая нить» (1972), «Иппокрена. Хождения к колодцам времен» (1997), «Уйти, чтобы вернуться» (2002), «Главпочтампт» (2018), «Ділім» (2018) атты монографиялар мен кітаптардың және көркемдік процестің теориясы мен тәжірибесі бойынша 200-ден астам жарияланымдардың авторы.
2003-2005 жж. «Жібек жолындағы әңгімелер» мәдени жобасының бастамашысы және жетекшісі болды.
2022 жылы «ABAI TV» телеарнасынан «М.М. Ауэзов. Телеэссе» авторлық бағдарламасын жүргізді. 2004-2010 жж. - «Рух-Мирас» мәдени альманахы редакциялық алқасының төрағасы.
Еліміздің мәдениеті мен азаматтық қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» (2006), «Парасат» (2011), І дәрежелі «Барыс» (2022) ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2001), «Тарлан» (2003), «Алтын асық-2004» сыйлықтарының иегері.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына деген қамқорлығы үшін «Времен связующая нить» авторлық бағдарламасы бірінші халықаралық телевизиялық байқауының «Лучшие программы Содружества» (2005) дипломымен, Ұлы Жібек жолын зерттеуге және жаңғыртуға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның Қола медалімен (2005) марапатталды.
Кеш аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан М.М. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Кешке Қазақстанның Кітапханалар қауымдастығы, мемлекет және әдебиет қайраткерлері, үкімет өкілдері, БАҚ өкілдері, оқырмандар, мерейтой иесінің туған-туыстары мен жақындары шақырылды.