+7 (727) 267-28-83

ақтабаң

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына 300 жыл толуына орай «Қазақстанның дербестігі үшін күрес» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

1723-1727 жылдар қазақ халқының жадында тарихтағы қиын кезеңдердің бірі ретінде қалды. 1722 жылы ойраттармен ұзақ уақыт соғысқан цин боғдыханы Канси қайтыс болғаннан кейін Қытаймен шекарада біраз орнаған тыныштық Цеван-Рабтанның Қазақстанға жаңа күшті соққы беруіне мүмкіндік берді. Осылайша 1723 жылдың көктемінде жоспарланған жаулап алу жорығы қазақ халқының тарихына «Ұлы апат жылдары» - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»  атауымен енген. Шәкәрім Құдайбердиевтің түсіндірмесіне сәйкес, "жаяу-жалпы адамдардың ақ табан болғанша жүгіріп қашуы" делінген. Дәл сол жылдары қазақтың ең көне әні – жоқтау «Елім-ай» қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді. Қазақтар шайқас алаңында 100 мыңға жуық жауынгерден айырылды, бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандар саны бірнеше есе көп болды. Абылай ханның айтуынша, он адамның төртеуі есепке алынбады. Аман қалғандар мал-мүліктерін қалдырып, Отанынан қашты. Ұлы апат кезінде қазақтар Жетісудың бай жайылымдарын жоғалтып, көшіп-қонудың дәстүрлі бағыттары бұзылды, сауда, қолөнер орталықтары құлдырап, мал саны күрт азайды. 1728 жылдың көктемінде жоңғарлармен шайқас қазақтардың үлкен жеңісімен аяқталды. Жоңғарлармен қарсыласуды ұйымдастыруда Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Бөгенбай, Есет, Малайсары батырлар маңызды рөл атқарды. Сол кезеңде қазақ халқының бірігуіне үш жүздің билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би елеулі үлес қосты.

Көрменің мақсаты – оқырмандарды 1723-1727 жылдардағы Қазақстанның ең қайғылы кезеңінің тарихымен таныстыру, жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және қазақ халқының өткен тарихына құрмет көрсету.       

"Қазақстанның дербестігі үшін күресі" кітап көрмесінде ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан энциклопедиялар мен материалдар, тарихи тұлғалар туралы еңбектер, тарихшылардың ғылыми еңбектері, сондай-ақ Ұлы апат жылдарындағы қайғылы оқиғаны бейнелейтін көркем әдебиет ұсынылған.

         Кітап көрмесіне шақырамыз!