+7 (727) 267-28-83

1200 0 e8fa453ec5b748799f503687f5f13bbb

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор, педагог, публицист, қоғам қайраткері Ғазиза Жұбанованың туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ музыкасының мақтанышы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

Ғазиза Ахметқызы 1927 жылы 2 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Жұрын ауданының, Жаңатұрмыс ауылында (қазіргі Мұғалжар ауданы) композитор Ахмет Жұбановтың отбасында дүниеге келген. 1949 жылы Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Мемлекеттік музыкалық училищесін, 1954 жылы П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясын, профессор Ю. Шапориннің композиция сыныбын, 1957 жылы оның жетекшілігімен аспирантураны бітірді. 

1958 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысып, Қазақстанның белгілі композиторларының тұтас бір тобын тәрбиеледі. Олардың ішінде: композитор Алмас Серкебаев, Төлеген Мұхамеджанов, Қуат Шілдебаев, Әділ Бестібаев, Ақтоты Райымқұлова, Бейбіт Далденбаев, Әліби Мәмбетов, Азат Жақсылықов және т.б. Профессор Жұбанова қазақ композиторларын даярлау мектебін жүргізді.

Ғ. Жұбанованың қаламынан «Батырлық поэма», «Жігер» симфониясы, «Еңлік-Кебек» (1975), «Жиырма сегіз» (1981) опералары жазылған. Ғазиза «Құрманғазы» операсын 1987 жылы әкесі Ахмет Жұбановпен бірге жазған. 1965 жылы «Легенда о белой птице» және «Хиросима» балеттеріне музыка жазды. 1958 жылы өз шығармаларының негізінде скрипка концертін ұйымдастырады, осылайша Қазақ КСР-да осы жанрдың бастамашысы болады. Композитор Жұбанова: 3 опера, 4 балет, 3 симфония, 3 концерт, 6 оратория, 5 кантата, 30-дан астам камералық музыка туындыларын, ән және хор шығармаларын, спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жасады. Музыка жазылған фильмдердің бірі «Там, где горы белые» (1973) болды. Фильмнің режиссерлері - Виктор Пусурманов, Асхат Ашрапов.

Жұбанованың қазіргі қазақ мәдениетіне қосқан үлесі орасан зор, ол ғылыми публицист ретінде танымал. Композитордың көп қырлы шығармашылығы ұлттық қазақ мәдениетін әлемдік деңгейге көтерді. Г. А. Жұбанованың шығармалары Болгарияда, Чехияда, Германияда, АҚШ-та, Италияда, Францияда, Финляндияда, Жапонияда және т.б. да елдерде ойналады.

Г. Жұбанова шығармашылық жұмысты белсенді қоғамдық және педагогикалық қызметпен сәтті ұштастырды.  Әр жылдары ол Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақ ұлттық Құрманғазы атындағы консерваториясының ректоры болды, талантты қазақ композиторлары мен орындаушылары: Ж.Әубәкіров, Ғ. Мырзабеков, А. Мұсаходжаев, А. Дінішев және т. б. дайындады.

Ғазиза Жұбанова Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Батырлық поэма» және «Мерекелік увертюра» үшін А. В. Александров атындағы күміс медальмен марапатталған.

Г. Жұбанова 1993 жылы 13 желтоқсанда Алматыда қайтыс болды.

Көрменің мақсаты - композитор Ғазиза Жұбанованың шығармашылық тұлғасын танытатын музыкалық және ғылыми мұраны дәріптеу.

Көрмеде оның еңбек және педагогикалық жолын ашатын кітаптар ұсынылған: Ө.Жұмақовтың «Казахская музыкальная литература»; Ғ. Жұбанованың «Мир мой – Музыка»; С. Аязбековтың «Мир музыки Г. Жубановой. Время – культура – этнос» ;  «Қазақ музыкасы»; «Қазақ халқының тарихи тұлғалары»; «Қазақстан композиторларының әндері»; «Ахмет Жубанов»; Р.Мәженқызы «Кітап ғасыр мұрасы»; Б. Қыдырбек «Ән шырқайық»; Б. Құндақбайұлы «Заман және театр өнері»; Қ.Қабдешев «Өмірім мен өнерім». Сондай-ақ, опералар, балет, симфониялар, ораториялар, кантаталар, камералық музыка, композитордың ән және хор шығармалары ұсынылды: «Еңлік-Кебек» операсы, «Легенда о белой птице», «Хиросима», «Қарагөз», «Татьяна әні», «Арайлап атқан таң», «Жигер», «Аксак кулан», «Песни и хоры» және басқалар.

Сондай-ақ, оқырмандар Ғ.Жұбанованың шығармаларынан Қазақстанның жетекші солистерінің орындауындағы винилдік күйтабақтардағы жазбаларды тыңдай алады.

Кітап көрмесіне шақырамыз!