+7 (727) 267-28-83

015

10 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.

Әзірбайжан Мәмбетов Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген. Соғыс жылдарында отбасы Алматыға қоныс аударды. 1952 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы театр-көркемсурет училищесінің актерлік факультетін сонымен қатар Алматы хореографиялық училищесінің би бөлімін бітірген. Оқып жүріп Қазақ КСР ән-би ансамблінің солисі болды. 1957 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік мәдениет және өнер институтының режиссерлік факультетін бітірді. Студент кезінен кинода ойнап, Атырау және Жамбыл облыстық драма театрларының сахналарында А.П. Штейннің «Дербес іс», К. Голдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» спектакльдерін қойды. Институтты бітіргеннен кейін Алматыда М. Әуезов атывндағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері, оның бас режиссері және директоры болып жұмыс атқарды.

«Мосфильм» киностудиясында тағылымдамадан өтіп, 1970 жылы Алматы театр-көркемсурет институтында оқытушылық қызметпен айналысты. Ә.Мәмбетов 1973 жылы Ширазда (Иран), Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің Халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматовтың шығармасы «Ана–Жер-Ана» спектаклін қойды, ал 1984 жылы Нэнсидегі (Франция) «Ұлттар театры» халықаралық фестивалінде Ғ. Мүсіреповтің шығармасы «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» спектаклін көрерменге ұсынды.

1978 жылы «Қазақфильм» киностудиясының директоры болды. 1980 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрына қайта оралды, онда 1995 жылға дейін көркемдік жетекші болды. 1981 жылы Қазақ театр қоғамының (Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы) төрағасы болды және 1995 жылға дейін қызмет етті.

Қазақ КСР Кинематографистер одағының мүшесі. А.К. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» спектаклін қойғаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 1999 жылы Астанада Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болып жұмыс істеді. Ең маңызды қойылымдары: «Абай», «Бөлтірік бөрік астында», «Ана–Жер-Ана», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қан мен тер», «Қарагөз», «Ғасырдан да ұзақ күн» және т. б.

КСРО, Қазақ КСР және Қарақалпақ АССР Халық әртісі, Қазақстанның халық қаһарманы.

Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Аман Бекенұлы Құлбаев жүргізді.

Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева, ҚР кинематографиясының үздігі Шаяхмет Имашұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Салиха Қожақова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әубәкір Рахимов, Болат Әбділманов, Алма Кәкішева және туысы Ләззат Мәмбетова қатысты.

60bccc9a-d5eb-4cdd-87c8-6d2d813a95f4.jpg   f808298f-3379-464a-92ac-9228f951da06.jpg   c89ce13d-da1d-41c7-af16-852c15cef9e8.jpg