+7 (727) 267-28-83

Г. Бельгер фото

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында белгілі қазақ жазушысы, аудармашы және публицист Герольд Карлович Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлтым неміс болса да, жүрегім қазақ» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысының Энгельс қаласы Еділ немістерінің отбасында дүниеге келген. 1941 жылы оның отбасы Қазақстанға, Есіл бойындағы қазақ ауылына жер аударылды. Қазақ орта мектебінде оқыған. 1958 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының әдебиет факультетін, 1963 жылы сол институттың аспирантурасын бітірген.

Г. Бельгер еңбек жолын 1953 жылы лаборант болып бастап, кейін орта мектепте мұғалім, 1963 жылы «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, 1989 жылы неміс ұлттық мәдени орталығының төрағасы, 1995 жылы неміс тіліндегі «Феникс» альманахының бас редакторы болды. 1994-1995 жж. – Павлодар облысынан ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Алматы қаласы неміс мәдени қоғамының төрағасы. Қазақстан немістері кеңесінің, ҚР  Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің, ҚР-ның ЮНЕСКО істері жөніндегі Комиссиясының мүшесі, бірқатар әдеби журналдардың редакциялық алқа мүшесі.

2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» оқу залында белгілі жазушы Г. Бельгердің есімін мәңгі есте қалдыру және шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында мемориалдық кабинет ашылды. Кабинетінің ішінде жазушының жеке заттары сақталған.

Г.Бельгер – ұлты неміс, қазақ және орыс тілдерін бірдей меңгерген есімі үлкен әріптермен жазылатын тұлға. Қазақ, неміс, орыс мәдениетінің дәстүрін бойына сіңірген жазушының шығармашылық мұрасы мәдениетаралық диалогты қалыптастыруда өнегелі, рухани бағдар, келешек ұрпақ үшін құнды өсиеттер жинағына айналды. Қазақ әдебиетінің классиктері Б. Майлиннің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә. Нұрпейісовтің және т.б. шығармаларын орыс тіліне аударған. Ол көптеген роман, повесть, әдеби-сыни шығармалардың авторы. Оның шығармаларында адами қарым-қатынастың терең мәні, туған жерге деген ерекше сүйіспеншілік, биік азаматтық ұстаным, патриоттық сезімдер мол. Мерзімді басылымдардағы 1500-ден астам жарияланымның авторы.

Белсенді шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін Г.Бельгер «Парасат» (1994), 2-дәрежелі «Достық» ордендерімен, «Бейбітшілік және рухани келісім үшін Президент сыйлығымен» (1992), «Германия Федеративті Республикасына сіңірген еңбегі үшін» (2010) марапатталған. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Б. Майлин атындағы Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының (1988), тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты. 

«Ұлтым не болса да, жүрегім қазақ» атты кітап көрмесіне Г. Бельгердің өмірі туралы материалдар, ол туралы қазақстандық белгілі тұлғалардың әдебиеттері ұсынылған. Көрме оқырмандарды оның «Сосновый дом на краю аула» (1973), «Чайки над степью» (1976), «Земные избранники» (Гёте, Абай) (1995), «Казахское слово» (2001), «Гармония духа» (2003), «Ода переводу» (2005), «Избранные произведения» в 10 томах (2009-2010), «Казахские арабески» (2014) және т.б. шығармаларымен  таныстырады.

Көрменің мақсаты – Қазақстан халқының әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің қарқынды дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қазақстандық жазушы Г.Бельгердің өмірімен және шығармашылығымен таныстыру.

            Кітап көрмесіне шақырамыз!