+7 (727) 267-28-83

КТ

12 қазан, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының  Н. Дәулетова атындағы залында көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, көркем сөздің шебері, драматург, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевқа арналған «Кемел Тоқаев – детектив жанрының дарабозы» атты  еске алу кеші өтеді.

Ұйымдастырушылар: ҚР Ұлттық кітапханасы, Алматы облыстық Білім басқармасы.

Шараның мақсаты – оқырмандар назарын ұлттық әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғаға аудару, Кемел Тоқаевтың шығармашылы- ғымен таныстыру. 

Кемел Тоқаев қазақ әдеби ортасында кеңінен танымал, оны Қазақстанда детектив  жанрының негізін қалаушы деп санайды. 1948 жылы ол С.М.Киров атындағы Қазақ  мемлекеттік университетін бітірді. Қазақстандық газеттер мен журналдардың редакцияларында жауапты қызметтер атқарды, «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Ведомостарының» бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды.

Ұлы Отан соғысының I-II-ші дәрежелі ордендерімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Үштөбе қаласындағы орта мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген, мектеп өзінің Мемориалдық мұражайын мақтан тұтады. 2020 жылы Омбы қаласында (Ресей) қазақ майдангерінің құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Кеш бағдарламасында Кемел Тоқаевты еске алуға арналған «Туралықтың туын көтерген» деректі фильмінде Қазақстан Республика- сының Орталық архиві мен Ішкі Істер Министрлігі музейінің бейнероликтері мен құжаттары пайдаланылды. Алматы облысының мектеп оқушылары жас дарындар Кемел Тоқаев шығармаларынан үзінді оқиды.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев – жазушы, журналист, қайраткер» атты кең көлемді безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда автордың: «Солдат соғысқа кетті», «Ізші», «Аржақтағы арпалыс», «Тайғақта» және т.б. кітаптары, оның редакторлығымен шыққан газет-журналдар, жазушының мерзімді басылымдардағы мақалалары және өмірі мен қызметі туралы материалдар ұсынылған.

Қатысушылар: Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, қоғам және мемлекет қайраткерлері, Алматы қаласы кітапханашылары, студенттер, оқушылар, оқырмандар, БАҚ өкілдері.