+7 (727) 267-28-83

генри

Әлем әдебиеті оқу залында американың әйгілі жазушысы О.Генридің туғанына 160 жыл толуына орай «Қысқа әңгіменің танымал шебері» атты кітап  көрмесі ұйымдастырылды.

О.Генри (шын аты Уильям Сиднеп Портер) 1862 жылы 11 қыркүйекте, Солтүстік Каролинаның Гринсборо қаласында дүниеге келіп,  1910 жылы 5 маусымда Нью-Йоркте қайтыс болған.                                               

О. Генри 1904 жылдан бастап мақалаларын  белсенді түрде жазып, жариялай бастады. Жалпы  алғанда, ол бір роман мен 12 әңгімелер жинағын құрды, оған 300-ге жуық шығарма кірді. Автордың тағы бір беймәлім әңгімелері мен фельетондары топтастырылған «Постскриптумдар» жинағы ол қайтыс болған соң жарық көрді.

О. Генридің «Қырыққабат пен патшалар»   романы 1904 жылы жарық көрді. Шын мәнінде, бұл роман емес, жалпы іс-қимылмен біріктірілген әңгімелер жинағы. Одан кейін әңгімелер жинақтары жарыққа шықты. Олар: «Төрт миллион» (сол кездегі Нью-Йорктегі тұрғындар саны) 1906, «Жанып тұрған майшам» (1907), «Батыстың жүрегі» (1907),  «Қала даусы» (1908), «Парасатты қылмыскер» (1908), «Тағдыр жолдары» (1909), «Таңдау үшін» (1909), «Іскер адамдар» (1910) және «Қазықайналу» (1910). 

О. Генридің әңгімелерінің  әрқайсысы ешкімге ұқсамайтын кейіпкерлерге толы және өзгеше әрі тартымды сюжеттерден құралған, әңгімелері тез арада американдық оқырмандардың  қызығушылығына бөленді. Сыншылар жазушыны «американдық Киплинг», «американдық Мопассан», «американдық Гоголь», «американдық Чехов» деп атай бастады.

«Постскриптумдар» жинағына О. Генридің «Почта» (Хьюстон, Техас штаты, 1895-1896) газетіне арналған фельетондары, юморлық және басқа жазбалары  топтастырылды. Ол барлығы 600-ге жуық әңгіме жазған, оның шығармаларының толық жинағы 18 томнан тұрады.

Көбінесе О. Генридің кейіпкерлері ештеңе қаперіне кірмейтін ұсақ алаяқтар. Бірақ, олар мейірімді де қайырымды. Кедей отбасыларында туған олар маңдайларына жазылған қайыршылықтан қайткен күнде де құтылуға жанталасады, алайда бұл әрекеттері көбінесе сәтсіз аяқталады. Олардың бақытты болуға деген ұмтылыстарынан әдетте ештеңе шықпайды, керісінше өздері үшін ренішті де күлкілі оқғаларға әкеліп соғады.

1918 жылы жазушының құрметіне О. Генри атындағы сыйлық тағайындалып, ол жыл сайын ең үздік деген әңгімеге табысталады.

Жазушының шығармалары бойынша 1918-1920 жылдары 25 фильм түсірілген. Оның шығармаларын экраннан көрсетуге көптеген режиссерлер қызыққан. Олардың арасында 1930-1970 жылдардағы кеңес режиссерлері: Л. Кулешов, Л. Гайдай, В. Давидчук, Балтық жағалауы кинематографының: П. Альгимантас, К. Тынис, А. Буровс, поляктың В. Марушевска секілді және т.б.  режиссерлар бар.  О. Генри туындыларын экранға шығаруға алғаш АҚШ-та талпыныс жасалды. Оның «Кабальеро жолы» әңгімесі негізінде «Ескі Аризонада» атты бірінші дыбысты  вестерн түсірілген. Осы қатарда О. Генридің өмірбаяны бойынша түсірілген «Ұлы жұбатушы», сондай-ақ Мэрилин Монро түскен «Қызылтерілер көсемі және басқалар...» фильмін атауға болады.

2000 жылы О. Генридің шығармашылығына «Балапан-фильм» студиясының қазақстандық кинематографистері назар аударды. 2009 жылы «Туыстас жандар» новелласының негізінде «Ұры» фильмі түсірілді. Оның авторы Ғани Құраш фильм арқылы ислам дінінің рухани құндылықтарын насихаттап, оны жергілікті ерекшеліктермен айшықтайды.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы кітаптардан ұйымдастырылған көрмеде келушілер О. Генридің қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі шығармаларымен таныса алады.

Баршаңызды кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз !