+7 (727) 267-28-83

ТА

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Төлен Әбдіковтың туғанына 80 жыл толуына орай «Суреткердің парасат биігі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Төлен Әбдіков 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1965 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ   мемлекеттік университетінің филология  факультетін бітірген.

1965-1970 жж. «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. 1970 жылдан 1977 жылға дейін «Жалын» альманағында  бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. 1977 жылы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы қызметін атқарды. 1976-1986 жж. – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті әдебиет бөлімінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1997 жылдан - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

Отандық әдебиетті дамытуға қосқан зор үлесі үшін оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді (2002), Франц Кафка сыйлықтың лауреаты. (2003), «Парасат майданы» повесі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2004), көрнекті еңбегі үшін «Парасат» (2013), ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесі бірінші дәрежелі «Барыс» (2019) ордендерімен марапатталған.

Кітап көрмесінің мақсаты – жазушының шығармаларын жан-жақты насихаттау, оқырмандарды Төлен Әбдіковтің әдеби мұрасымен таныстыру.

«Суреткердің парасат биігі» атты кітап көрмесінде Т.Әбдіковтың өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар көрсетіледі. Одан әрі көрме оқырманды жазушының шығармаларымен таныстырады.

Жас қаламгер Т. Әбдіковтың алғашқы әңгімесі «Райхан» (1964) «Таңғы шық» атты әңгімелер жинағында жарияланған. «Көкжиек» (1969) атты повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты, «Күзгі жапырақ» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1979), «Өліара» (1985), Күн мен түннің теңелуі (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987), Таңдамалы (1991), «Оң қол» (2002), «Парасат майданы» (2012). Т.Әбдіковтың жеке әңгімелері мен повестері  орыс тіліне аударылып, «Истина» (1980, 1981) жинағында жарияланды».  Т.Әбдіков Грек аңыздары «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударған. Т.Әбдіковтың «Үшеу едік» (1985) пьесасы республикалық театрлар сахналарында қойылды.

 

Кітап көрмесіне шақырамыз!