+7 (727) 267-28-83

astana 01 1

4 шілдеде ҚР Ұлттық кітапханасының фойесінде Елорда күніне орай «Нұр-Сұлтан – бейбітшілік қаласы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2000 жылдан бастап Қазақстанның басты қаласы астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясы мүшесі болып табылады.

2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталды.

24 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласы өркендеген, инфрақұрылымы дамыған және мәдени, саяси, қоғамдық өмір тіршілігінің орталығына айналды. Астана қаласына Елорда мәртебесін беру қаланың өсуіне, дамуына орасан зор ықпал етті. Осы уақыт аралығында қала ажары түбегейлі өзгеріп қана қоймай, өндіріс, құрылыс, мәдениет, халықты әлеуметтік қамтамасыз ету салалары да айтарлықтай өзгерді.

Нұр-Сұлтан жаңа Қазақстанның мақтанышына, ұлттық идея мен ел бірлігі нығаюының белгісіне айналды. Қазақстан болашағы – Нұр-Сұлтанның болашағымен байланысты. Нұр-Сұлтан бүгінгі Қазақстан жаңа бейнесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Көрмеде энциклопедиялық және анықтамалық басылымдар, Елорданың тарихы туралы, мәдени орталықтар және  көрікті орындар туралы  әдебиеттер ұсынылған.