+7 (727) 267-28-83

Шаханов фото

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына арналған «Ұлт рухының шырақшысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын бітірген. 1961-1965 жж. – «Оңтүстік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, 1965-1970 жж. – «Лениншіл жас» газетінің меншікті тілшісі.

1971-1976 жж. -  Қазақстан Телерадио хабарларын тарату мемлекеттік комитетінің аға, бас редакторы. 1976-1979 жж. - Қазақстан баспасөз қызметі, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы. 1980-1984 жж. республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби үйірменің жетекшісі, 1984-1993 жж. – Республикалық «Жалын» жастар журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы. 1989-1990 жж. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының себептерін тексеру жөніндегі Жоғарғы Кеңестің комитетін басқарды. 1993-2003 жж. – ҚР-ның Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2007 жж. – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

«Ұлт рухының шырақшысы» кітап көрмесіне М. Шахановтың өмірі мен шығармашылығы туралы энциклопедиялар, материалдар, сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасы қорындағы автордың кітаптары қойылған. Көрме оқырманды М. Шахановтың «Бақыт» (1966), «Танакөз» (1970) «Сейхундария» (1974), «Махаббат қорғауы» (1978), «Нарынқұм трагедиясы» (1980), «Бақыт» «Отырар дастаны...» (1988) және т.б. шығармаларымен таныстырады. М. Шахановтың драмалық шығармалары негізінде «Шыңғыс ханның құпиясы» атты екі бөлімді телефильм шықты. Оның шығармалары әлемнің түкпір-түкпірінде жарық көріп, 40-тан астам тілге аударылған. Ақынның позиялық кештері Мәскеу (Ресей), Стокгольм (Швеция), Глазго, Эдинбург (Шотландия), Рене (Франция), Кобе (Жапония) қалаларында сәтті өтті.

Кітап көрмесінің мақсаты – қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан М. Шахановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау және таныстыру.

Калифорния ғылымдар, өнеркәсіп, білім және өнер академиясының (АҚШ) А. Эйнштейн атындағы Алтын медалімен марапатталған. Мұхтар Шаханов – Қырғызстанның халық ақыны (1994), Қазақстанның халық жазушысы (1996), Түркия Республикасының халықаралық «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығының лауреаты (1999), Қазақстанның құрметті жазушысы (2019), БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты. Шымкент және Бішкек қалаларының Құрметті азаматы.

2022 жылғы 16 маусымда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Отан» орденімен марапаттай отырып, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.

 Кітап көрмесіне шақырамыз!