+7 (727) 267-28-83

Изтлеуов

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы залында қазақтың белгілі ақыны, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 140 жыл толуына орай «Сыр сүлейі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Тұрмағамбет Ізтілеуов 1882 жылы 9 шілдеде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебінде, кейін Бұхарадағы Мир Араб медресесінде (1896-1899 жж.) және Көкілташ медресесінде (Ташкент 1899-1905 жж.) оқып, араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген.

1905 жылы туған ауылына оралып, мешіттің негізін қалап, мектеп салды. Ол 1921 жылға дейін балалар әдебиеті мен поэзиясынан сабақ берді. Сол кездің өзінде студенттер оның «Назым» атты алғашқы жинағының өлеңдерін оқыды. 1905-1925 жж. мектепте мұғалім, 1936-1937 жж. – Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының ғылыми қызметкері. 1937 жылы тұтқындалып, қуғын-сүргінге ұшырап, екі жылдан кейін ІІХК зынданында қайтыс болды.

«Сыр сүлейі» кітап көрмесінде Т. Ізтілеуовтың өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар көрсетіледі. Одан әрі көрме оқырманды қайраткердің шығармашылығымен таныстырады. Ол өзінің алғашқы «Қара қоңыз» дастанын он төрт жасында жазған. 18 жасында «Мәрді диқан» атты алғашқы поэмасын жазды. Ақын шығармаларының елеулі бөлігін рубаилар, лирикалық өлеңдер, афоризмдер, дастандар, импровизациялар құрайды. 1934 жылы 1-ші Республикалық халық таланттары слетіне қатысты. Тұрмағамбет «Ең дана қария», «Тұтқын қыз», «Рауа бану» және т.б. он шақты өлеңнің авторы. Фирдоусидің «Шахнама» (40 мың жол) поэмасының қазақ тіліндегі аудармасы Т. Ізтілеуовке тиесілі, оның бір бөлігі «Рүстем – Дастан» (24 мың жол) 1961 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Оның шығармалары «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1985), «Қасиетті қармақшым» (2003), «Ғасырлар толқыны» (2004) жинақтарына енді. Зерттеуші М.Байділдаев ақынның еңбектерін жинақтап, 1972, 1982 жылдары «Назым» деген атаумен жарыққа шығарды.

Кітап көрмесінің мақсаты – ақын-аудармашының шығармашылығын жан-жақты насихаттау, оқырмандарды Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әдеби мұрасымен таныстыру.

1981 жылы ақынның 100 жылдығына Бүкілодақтық «Мелодия» дыбыс жазу фирмасында «Рауа бану» поэмасы мен үздік шығармаларының жазбасы бар «Т. Ізтілеуов (1882-1939 жж.)» альбомы жарыққа шықты. 2007 жылы 2 қарашада қуғын-сүргінге ұшыраған ақынның 125 жылдығына орай Алматы қаласында Наурызбай батыр мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында қоладан ескерткіш орнатылды. 2009 жылы «Қазақфильм» киностудиясында Тұрмағамбет Ізтілеуов туралы «Тұрмағамбет» деректі фильмі жарыққа шықты.

Кітап көрмесіне шақырамыз!