+7 (727) 267-28-83

10м

10 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған жаңа кітаптардың тұсаукесері және оларды ҚР Ұлттық кітапханасының қорына сыйға тарту рәсімі өтті.

Шараның мақсаты: М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының соңғы 3 жылда жарық көрген ғылыми, академиялық еңбектері мен танымдық, әдеби-көркем басылымдарын ғылыми ортаға таныстыру, кітапхана қорына тапсыру арқылы жалпы айналымға енгізу және көпшілікке насихаттау.

Іс-шараны ҚР Ұлттық кітапханасың директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы ашып, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді.

«Абай және Жамбыл академиялық басылымдары» жөнінде жарыққа шыққан кітаптар туралы филол.ғ.д, профессор Мәдібаева Қанипаш Қайсақызы; филол.ғ.к., доцент Қыдыр Төрәлі Еділбайұлы; «Фольклортану және қолжазбатану» бойынша жарық көрген еңбектер жөнінде ғылым докторы, профессор, музыкатанушы, фольклортанушы Қоңыратбай Тынысбек Әуелбекұлы; филол.ғ.к. Сағатбек Медеубекұлы; «Әдебиеттану» бойынша жарық көрген еңбектер жөнінде филол.ғ.д, профессор Гүлзия Жайлауқызы Пірәлі; Абай атындағы Қазақұлттық университетінің профессоры, филол.ғ.д. Серік Асылбекұлы; «Театр және кино саласы» бойынша жарық көрген монография жөнінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филол.ғ.к. Исламбаева Зухра Усманбекқызы; Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Өнертану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессоры, филол.ғ.к. Жақсылықова Меруерт Болатханқызы; «Бейнелеу өнері бойынша жарық көрген монография» жөнінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Оразқұлова Қалдыгүл Серікбайқызы; Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі директорының орынбасары, өнертану кандидаты Көпжанова Света Жұмасұлтанқызы таныстырылымдар жасады.

Музыкатану бойынша ғылыми басылымдар жөніндегі кітаптар туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, филол.ғ.к., Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанпейісова Сәуле Стаханшылқызы сөз сөйлеп, кеш барысында халық әндерін орындады.

Қатысушылар: ақын-жазушылар, әдебиет пен музыкатанушылар, профессорлар, кітапхана оқырмандары, кітапханашылар.

10ма   10мау