+7 (727) 267-28-83

АБ

2 маусымда ҚР Ұлттық кітапханасының Әдебиет академиясы залында балалар мен жасөспірімдер оқуын қолдау жобасы аясында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты жыр кеші өтті.

Ахмет Байтұрсынұлы (1872-1937) – қазақ ақыны, мемлекет қайраткері, әдебиеттанушы ғалым, ұстаз, ағартушы, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, Алаш партиясының мүшесі. 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО-ның еске алынатын күндер күнтізбесіне енді.

Шараның мақсаты – қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің бастауында тұрған рухани көсем, Алаш қозғалысы рухани көшбасшысының  сан қырлы бейнесінің рөлі мен маңызын таныстыру және талқылау.

Шара барысында А.Байтұрсынұлының өмір жолы туралы мәлімет берілді. Шығармашылық жолын еңбекші халықтың арманын, мұң-мұқтажын бейнелейтін өлеңдер жазудан бастады. Ақын жұртшылықты кітап оқуға, білім алуға, рухани дамуға, имандылыққа, мәдениеттілікке шақырды. Қазақтың тұңғыш әліпбиі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі мен этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихының бәрі Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық еңбектерінің жемісі. А.Байтұрсынов тынымсыз, жанкешті еңбегі арқылы қазақ әдебиетін биік деңгейге шығарды, ұлттық мектеп пен қазақ әдебиетінің берік негізін қалады. Кітапхана оқырмандары арасында Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары кеңінен насихатталуда.

«Қазақстан кітаптары» қызметінің топ жетекшісі Қасымбекова Құттықыз модератор ретінде кездесу өткізіп, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды баяндама жасады.

Шараға №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің 1 курс студенттері белсене қатысып, өлеңдер оқыды. Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Ұлт ұстазы» кітабы туралы қызықты пікірталас болды.

Әдеби кешке белсене қатысқаны үшін колледж студенттері мен оқытушы Жолынова Светлана Камалқызы ҚР Ұлттық кітапханасының атынан алғыс хатпен марапатталды.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық қызметі, әр жылдары жазылған: «Ақ жол» (1991), «Тіл тағылымы» (1992) , «Жоқтау» (1993), «Жан сөзімді кім түсер» (1994), «Жаңа низам» (1996), «Қырық мысал» (2001), «Маса» (2005), «Бес томдық шығармалар жинағы» (2002), «Шығармалары» (2013) және т.б шығармалары туралы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

b115612b 414f 4a7e 9a8e fb8096b49685   b007e330 3b06 4c12 8cde c81923b0f7fb