26 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында домбырашы, қазақтың күйшілік-домбырашылық дәстүрін ғылыми негізде әлемге танытушы ғалым Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты монографиясының, «Күй шақыртқы» атты күйлер жинағы мен CD күйтабағының тұсаукесері өтті.
Мүптекеев Базаралы Жұмағұлұлы – қазақ руханияты мен мәдениеті жолында тер төккен арда азамат, көрнекті өнертанушы ғалым, шертпе күйдің шебері. Дәстүрлі күй өнерінің майталманы Базаралы Жұмағұлұлы – табиғатынан дала дәстүрімен сусындап, домбырасының құлақ күйін бабасы Қожекенің кертолғау күйлерінен бастап, әйгілі Сыбанқұл, Мергенбайлардың мұңлы қоңырларына жалғастырып тараулата шертетін эпиктік қасиет иесі. Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа, Сүгір, Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Әйкен күйлерін де аса сергек сезіммен шертіп, радионың алтын қорына жазып қалдырды.
Тұсаукесерді белгілі ғалым, өнер зерттеуші Сағатбек Медеубекұлы жүргізді.
Сөз сөйлеген қонақтар: белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин; өнертану докторы, профессор Саида Елеманова; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жаңғали Жүзбай; өнертану докторы, профессор Гүлзада Омарова; доцент, өнертану кандидаты (PhD) Әлия Сабырова ; ҚР Мәдениет қайраткері, доцент, академик, өнертану ғылымының кандидаты Абдулхамит Райымбергенов және т.б.
Онлайн режимде сөз сөйлеген қонақ: Анкара мемлекеттік консерваториясы музыка теориясы кафедрасының профессоры Чеик Гюрей.
Іс-шарада Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты монографиясының, «Күй шақыртқы» атты күйлер жинағы мен CD күйтабағы ҚР Ұлттық кітапханасына және қатысушы қонақтарға сыйға тартылды.
Шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан Базаралы Мүптекеевтің шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.
Қатысушылар: белгілі фольклорист-ғалымдар, өнертанушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері және БАҚ өкілдері.