+7 (727) 267-28-83

1654143531464874

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, КСРО Халық әртісі, опера әншісі, драмалық актриса Күләш Бәйсейітованың 110 жылдығына арналған «Өнер бағының бұлбұлы – Күләш» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Күләш Жасымқызы Бәйсейітова 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Алматыға Күләш он екі жасында келіп, біраз уақыт интернатта тұрады. 1925-1928 жылдары Ағарту институтының Алматы педагогикалық техникумында оқып, музыкалық көркемөнерге қатысты. 1926 жылы Қызылордада құрылған,  сол жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына ауысқан студияға 1930 жылы оқуға түседі. Мұнда Бәйсейітова Н.В.Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафья Тихонованың; М.Я.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клавдияның; Б.Ж.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің; Қ.Бәйсейітов пен Ж.Т.Шаниннің «Зәуресіндегі» Зәуре, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Еңліктің рөлдерін сомдайды.

1933 жылы Күләш өмірінің соңына дейін өнер көрсеткен Музыкалық театр труппасының құрамына кірді (Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры). Ол К. А. Дианти мен В. А. Смысловский театрының оқу студиясында ән айтумен шұғылданды.

Бәйсейітованың музыкалық және сахналық дарыны М.О.Әуезовтің либреттосындағы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында Айман бейнесін құруда айқын көрінді, музыкасы И.В.Коциктікі. Шұғаның бейнесі (Б.Майлин мен И.Коциктің «Шұға» музыкалық драмасы) әншінің шеберлігінің артқанын айғақтады, Жібек партиясы (Е.Г.Брусиловский «Қыз Жібек») әншіге классикалық опера өнерінің биігіне көтерілуге мүмкіндік берді. К. Бәйсейітова Е.Г. Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Золотое зерно»,  «Гвардия, вперед!»; Зильбердің «Бекет» және Надировтың «Глубокое озеро» операладарында Қадиша, Ақжүніс, Айша, Сайра, Зере, Раушанның партияларын орындады.  А.Жұбанов пен Л. А. Хамидидің "Абай" Ажардың, М. Т. Төлебаевтың "Біржан мен Сара" Сараның бейнелері К. Бәйсейітованың шығармашылығында биік белестер болып табылады. Қазақ опера сахнасында Бәйсейітова алғаш рет классикалық опералардан партия сомдады: Баттерфляйдің (Дж. Пуччини «Чио-Чио-сан»); Татьянаның ("Евгений Онегин" П. И. Чайковский); Тамараның ("Демон" А. Г. Рубинштейн); Мароның ("Даиси" З. П. Палиашвили) және Алтыншаштың ("Алтыншаш" Н. Жиганов).

Концерттік әнші ретінде де өнер көрсетті. Халық әндерін көптеген тілдерде (қазақ «Илигай», «Шилі өзен», орыс «Колокольчик», поляк «Шла девица», чех «Пастушок», армян «Ласточка» және т.б.), орыс, кеңестік және Батыс Еуропа композиторларының шығармаларын орындады.

Соғыс жылдары Бәйсейітова концерттік бригада құрамында майданға барды.

1944 жылы «Концерт пяти республик» музыкалық фильмінде ойнады.

Ол қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері. К. Бәйсейітова қазақ театр қоғамының ұйымдастырушысы және тұрақты жетекшісі болды, II Дүниежүзілік Бейбітшілік жақтастары конгресінің жұмысына қатысты.

Күләш Бәйсейітова – ІІ дәрежелі екі Сталиндік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, Ленин орденінің кавалері, "1941-1945 жж, Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған, КСРО-ның екі Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1-3-ші шақырылымының депутаты.

Ұлы әртіс 1957 жылы 6 маусымда қайтыс болды.

Жыл сайын Қазақстанда Күләш Бәйсейітова атындағы вокалистер байқауы өткізіледі. Алматы, Астана, Талдықорған, Балқаш, Теміртау қалаларындағы көшелерге, Астанадағы Қазақстанның Ұлттық опера және балет театрына және Алматыдағы музыка мектебіне оның есімі берілді. К. Бәйсейітова атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы тағайындалды. 2011 жылдың 15 қыркүйегінде Алматыдағы оның есімі берілген музыка мектебінің жанындағы саябақта әншінің 100 жылдығы қарсаңында қола ескерткіш орнатылды. 2004 жылы "Қазақфильм" киностудиясында режиссер М.Мусиннің "Аул Куляш" музыкалық фильмі жарық көрді. 2012 жылы қазақстандық "Мәдениет" телеарнасы "Легенды и мифы оперного. Куляш Байсеитова" фильмін түсірді. 2013 жылы әншінің өмірі туралы "Күләш" атты қазақстандық телесериал шықты. 2012 жылы Күләш Байсейітоваға арналған Қазақстанның пошта маркасы шығарылды.

Көрменің мақсаты – заманауи оқырмандарға жетістіктері өнердің шыңы және орындаушылық шеберліктің нағыз мектебіне айналған Күләш Бәйсейітованың шығармашылығымен жан-жақты танысуға мүмкіндік беру.

Көрмеге көрнекті опера әншісі Күләш Бәйсейітованың өмірі мен шығармашылығы туралы «Культура Казахстана. Энциклопедический  справочник»; «Искусство Алматы в персоналиях»; «Күләш Бәйсейітова»; Ғ.З. Бегімбетова «Күләш Бәйсейітова және Қазақ опера өнерінің қалыптасуы»; Н. Нагулина «Наша Куляш: Монографический очерк»; «Күляш Бәйсеиітова туралы естеліктер»; С. Латиева "Бұлбұл: Өмірбаяндық повесть-эссе"; А. Мұқан, С. Ләтиева, Ғ. Бегімбетова "Күләш"; "Қазақ сахнасының шеберлері: шығармашылық портреттер"; М. Майчекин "Көркем өнер шеберлері"; "Гәкку: К.Бәйсейітованың репертуарынан әндер, романстар және ариялар"; Қ. Бәйсейітов "Құштар көңіл"; "Қазақ халқының тарихи тұлғалары"; Б. Қожырұлы "Рухани байлық" және т.б.

Сондай-ақ, оқырмандарға мерзімді басылымдар беттерінде сипатталған аты аңызға айналған әншінің өмірі, ән шығармашылығы, актерлік шеберлігі туралы сұхбаттар мен әңгімелер қызықты болары сөзсіз. Сонымен қатар, қызығушылық танытқан оқырмандар Күләш Бәйсейітованың винилді грампластинкадағы бірегей дауысы бар жазбаларды тыңдай алады.

 

Кітап көрмесіне шақырамыз!