+7 (727) 267-28-83

«Қазақстан кітаптары» қызметінің О. Жандосов атындағы оқу залында қазақ жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, драматург, академик Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің  туғанына 120 жыл толуына арналған «Қазақ сөз өнерінің майталманы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген. 1908-1910 жж. ауыл мектебінде, 1916-1918 жж. орыс мектебінде оқып, оны 1921 жылы бітірді. 1923-1926 жж. Орынбор жұмысшы факультетінде оқыған, 1927 жылы Омбыдағы Сібір ауылшаруашылық академиясының бір курсын бітірді.

Ғ.Мүсірепов – қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық драматургияның негізін салушылардың бірі, аудармашы, тарихшы, әдебиеттанушы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі (1985), Социалистік Еңбек Ері (1974), Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының (1970), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (1976), Қазақстанның халық жазушысы (1976).Үш Ленин, екі Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Октябрь Революциясы ордендерімен және медальдармен марапатталған.  

«Қазақ сөз өнерінің майталманы» атты кітап көрмесінің бірінші бөлімі оқырмандарды Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдармен таныстырады.  Ол 1928 жылдан  - бас редактор, 1931 жылдан Қазақ мемлекеттік әдебиет баспасының меңгерушісі, 1934 жылдан «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы. 1937-1938 жылдары - Қазақ КСР Кеңестік халық комиссариаты жанындағы өнер бөлімінің меңгерушісі, 1938-1956 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, 1956-1957 жылдары «Шмель» – «Ара» журналының бас редакторы, 1957-1966 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы. 1958 жылы КСРО Жазушылар одағының хатшысы, КСРО Мемлекеттік комитетінің әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар бойынша мүшесі болып сайланды.

Көрменің екінші бөлімі оқырмандарды жазушының шығармашылық қызметімен таныстырады. Алғашқы әңгімесі – «Тұңғиықта» (1928) оқырмандардың қызығушылығын бірден оятты. Кейіннен «Қос шалқар» (1928), «Туннель» (1935), «Алғашқы қадамдар» (1932) романдары мен повестері шықты. Ғ.Мүсірепов сонымен қатар «Амангелді» (1935), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (1939), «Ақан cepi – Ақтоқты»  сияқты және т.б.  ірі әдеби шығармалардың авторы. «Қазақстаннан келген солдат» романы (1945)  әлемге әйгілі болып, қазақ әдебиетінің даңқын асқақтатты. 1968 жылы оның «Өмір бір рет» атты повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді, ол үшін жазушыға 1970 жылы Қазақ КСР-інің  Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.  1976 жылы «Аты Ұлпан» романы жарық көрді. Ғ.Мүсірепов 1977 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болған «Суретші парызы» атты жинақтарға енген көптеген әдеби-сын және публицистикалық еңбектердің авторы .

Ғ.Мүсірепов – ұлттық драматургияның негізін салушылардың бірі. Оның алғашқы тәжірибесі – «Қыз-Жібек» музыкалық драмасы – аттас халық лирикасы негізінде жазылған. Кейін осы драманың негізінде Мүсірепов «Қыз-Жібек» операсының либреттосын жазылған. Ол кинематография саласында да белсенді жұмыстар атқарды. Сонау 1936 жылы  Всеволод Ивановпен және Бейімбет Майлинмен бірлесе отырып, қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелді» фильмінің сценарийі жазылды. Сондай-ақ, оның сценарийі бойынша «Махаббат туралы поэма», «Өмірлік бір рет», «Қыз-Жібек» фильмдері түсірілді.  Ғ. Мүсірепов республиканың және бұрынғы КСРО-ның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысты. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне бірнеше рет сайланды. 1974 жылы Ғ.Мүсіреповке «Петропавл қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Мүсіреповтің есімі: Солтүстік Қазақстан облысының ауданына, Нұр-Сұлтан қаласы көшелерінің біріне, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына берілді. 1991 жылы жазушы тұрған үйде  Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйі ашылды. 2002 жылы Алматыда жазушының жүз жылдығына орай Абылай хан даңғылында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының алдында қола ескерткіш орнатылды. Абай даңғылынан Көрмеге дейін Мүсірепов бульвары салынды.

Кітап көрмесінің үшінші бөлімінде Ғ.Мүсірепов туралы қазақтың танымал тұлғаларының кітаптары мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалалары ұсынылған.

«Қазақ сөз өнерінің майталманы» атты кітап көрмесінің мақсаты – ұлттық әдебиеттің қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқан қазақтың ұлы жазушысы Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығын, бай әдеби мұрасын насихаттау және таныстыру.

                        

                                                                Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!