+7 (727) 267-28-83

З

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақ КСР халық әртісі, опера әншісі Зейнеп Қойшыбаеваға арналған «Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаеваның туғанына 85 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қойшыбаева Зейнеп Төлембекқызы 1937 жылы 6 наурызда Алматы облысының Алакөл ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы вокалдық студияны бітірген. 1958 жылдан бастап З.Койшыбаева осы театрдың әншісі болды, онда ол Е.Брусиловскийдің «Кыз Жибек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», А.Жұбановтың және Л.Хамидидің «Абай», М.Төлебаеваның «Біржан мен Сара» операларында жарқын, эмоционалды рөлдерді сомдады.

З.Қойшыбаева музыкалық білімін Алматы өнер институтында жалғастырды. Кейін, 1967-1993 жылдар аралығында ол Қазақ радиосы мен теледидары камералық оркестрінің әншісі болды. Талантты әншінің орындауында қазақтың халық әндері мен заманауи композиторлары: Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Ілия Жақанов және т.б. шығармалары шырқалды. Ол халық әндерін насихаттауға, эстрада өнерін дамытуға елеулі үлес қосты. 1981 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы эстрада-цирк колледжінде сабақ берді.

З.Қойшыбаева гастролдік сапармен бұрынғы КСРО республикаларында, сондай-ақ алыс шетелдер - Германия, Польша, Ауғанстан мемлекеттерінде болды.

З.Қойшыбаева Мәскеуде өткен Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінде күміс жүлде иегері атанды.

Көрменің мақсаты – танымал әншінің музыкалық шығармашылығын насихаттау, патриоттық сезімге тәрбиелеу, өнерге, музыкаға деген сүйіспеншілікті арттыру, ұлы әртісті еске алу.

Көрмеге Зейнеп Төлембекқызы Қойшыбаеваның өмірі мен шығармашылығы туралы: «Культура Казахстана. Энциклопедический  справочник»; «Жетісу энциклопедиясы»; «Искусство Алматы в персоналиях»; Т.Ешенқұлов «Жүрегі ән деп соғатын»; С.Сауытбаева, Б.Байкенжеев «Сағынып жүрші: Әндер жинағы», Д.Өтеков «Кемел шақ», Б.Масатова «Қазақ киносының тарихынан»; «Қазақ халқының тарихи тұлғалары» және т.б. кітаптар қойылды. Сондай-ақ, оқырмандарға мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған танымал әншінің өмірі, ән шығармашылығы туралы сұхбаттар мен әңгімелер қызықты болары сөзсіз. Сонымен қатар, оқырмандар әншінің CD-дискілердегі және винилді күйтабақтардағы ерекше дауысы бар жазбаларды тыңдай алады.

Кітап көрмесіне шақырамыз!