+7 (727) 267-28-83

13

2 наурыз Н.Дәулетова атындағы залда «Бәрін білгім келеді» атты балалар мен жасөспірімдер интеллект-орталығының жұмысы аясында жоғары сынып оқушыларын отандық бизнес өкілдерімен таныстыру, қаржылық сауаттылық, өз ісін ұйымдастыру, сондай-ақ жеке тұлғаның белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру үшін «Табысқа жетудің қадамдары»  атты тақырыптық кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – бизнесті ұйымдастыру, бизнес-жоспарлау дағдылары бойынша оқушыларға қажетті тәжірибелік білім алуға көмектесу.

Кездесу қонақтары белгілі қазақстандық бизнесмендер: Сырымбек Тау  – "Yokohama и Triangle" Шина сату компаниясының дистрибьютері, "Daco motors KZ" компаниясы "SamgaPress" баспаханасының иесі; Жұмаханұлы Құмар - "Автомода" компаниясының негізін қалаушы, өндірісті ашу бойынша табысқа жету әдістемесінің авторы. Мұндай кездесулердегі мотивация, тайм-менеджмент, команда құру, тиімді маркетинг сияқты тақырыптар жас оқырмандар үшін пайдалы және қызықты. Кәсіпкерлер кәсіби кеңестерден бөлек, кітап оқу мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салды.

Іс-шараны «Қазақстан кітаптары» қызметінің жетекшісі Рахимова Анар Кәріпбайқызы ашып, осы қызметтің маманы Ергеш Ернар жүргізді. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Юсупова Ажар Хамитқызы құттықтау сөз сөйледі.

Қатысушылар бизнес өкілдеріне олардың мансабы мен қызметі жайлы сауалдарын қойды. Шараға белсенді атсалысқан қатысушыларға,  қонақтарға ҚР Ұлттық кітапханасынан кездесуден естелік ретінде кітаптар сыйға тартылды.

Іс-шараға Ғ. Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының ұстаздары, оқушылары, Алматы қаласының Алматы құрылыс және менеджмент колледжі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚазМемЖенПУ студенттері, сонымен қатар кітапхана оқырмандары мен жас мамандар қатысты. Жиынға қатысушылар қазақстандық танымал кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді.

«Ақпараттық ресурстар» қызметінің маманы Ердәулетова Ақмарал, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Шахан Мұхаммедханапия және Есенова Ғанибет қазақ әндерін шырқады.

Кәсіпкерлер шара барысында балаға тұсау кесу рәсімін жасады.