+7 (727) 267-28-83

25 ақпанда сағ. 11:00-де  ҚР Ұлттық  кітапханасының Н. Дәулетова атындағы залында театр мен киноның танымал актерлері Айдос және Жібек Бектеміровтермен кездесу кеші және «Өнер қайығындағы екеу» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылады.

Айдос Жұмаділдаұлы Бектемір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері. Ол 1950 жылы Қарағанды облысы Шет ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясын «сөйлеу жанрының әртісі» мамандығы бойынша, кейінірек Щепкин атындағы Мәскеу театр училищесін бітірген. Жұбайы Жібек Бектемір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, 1960 жылы 1 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген.

Айдос Бектемір төл кітабында өткен өмір жолы, ерлі-зайыпты екеуінің шығармашылық өмірбаяндары, әріптестері мен жолдастары, отбасы және әрине, театр өнері туралы әңгімелейді. Олар өмірлерінің көп бөлігін өнерге арнап, көрермендерге бірқатар жарқын рөлдер мен бейнелер сыйлады.

Іс-шараның мақсаты - театр және кино актерлерінің шығармашылығын насихаттау, қазіргі жастарды мәдени құндылықтарға баулу, қазақстандық белгілі театр қайраткерлерімен жақын танысу.

Кітап өнерді бағалайтын оқырманға, жалпы кітапсүйер қауымға арналған.

Іс-шараға белгілі әртістер, мәдениет және өнер қайраткерлері, туыстары, кітапхана қызметкерлері, ЖОО мен колледж студенттері қатысады.