+7 (727) 267-28-83

WhatsApp Image 2022 02 10 at 11.11.06 копияҚытай мәдениеті және әдебиеті залында Мемлекет басшысының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауы аясында «Қытай балалар әдебиеті» кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Қытай балалар әдебиеті ежелгі балалар әдебиеті және таяу заман балалар әдебиеті болып бөлінеді. Ежелгі балалар әдебиетінің құрамына мифтер, аңыздар (қытай ертегілері, нұсқаулық әңгімелер, Қытайдың әйгілі тарихи орындары туралы әңгімелер, ежелгі әскери жетекшілер туралы әңгімелер) енеді. Қытай классикалық әдеби шығармалары білім мен даналық ережелерінің жиынтығы ретінде ерекше тәрбиелік сипатқа ие. Көрмеде «365 күннің әр күніне бір әңгіме» атты Қытайдың ерте заман тарихи оқиғалардан алынған желілес әңгімелер топтамасы бар. Мұндағы тартымды оқиға желісін оқи отырып, Қытайдың жалпы тарихынан харбардар бола аламыз.

Қазіргі Қытай балалар әдебиетінің негізін қалаушы Е Шэнтаоның шығармалары қазіргі заманғы қытай балалар әдебиетінің ең алғашқысы болып табылады. Көрмеде жазушының «Е Шэнтаоның таңдамалы жинақтары» атты кітабы қойылды. Мазмұны ертегі, проза, әңгіме сынды үш бөлімнен тұратын бұл жинақта шебер тілмен нақты тұрмысты, қоғамды бейнелеп, арман мен шынайы өмірдің ара жігін ашып көрсеткен. Қытай халқының күнделікті тұрмыста балаларға қандай тәрбие беретінін білгіңіз келсе, осы кітапты оқуға шақырамыз.

Бүркеншік есімі Бэй Мао (Солтүстіктің мысығы), есімі Лю Чжиган атты жас жазушының суретті әңгімелері кішкентай оқырмандарын әрқашан өзіне баурап келеді. Әр түрлі жастағы балаларға арналған әңгімелері әр кітапқа жинақталған. Бір күні математика сабағы болып жатқанда, апай кішкентай бір баланы сыныпқа ертіп келіп: «Жаңа сыныптастарың»,- деп таныстырады. Балалар ойлайды, біз он жастағы балалармыз, бұл бала алты жастағыдай көрініп тұр, қалайша бізбен бірге оқиды деп. Шындығында бұл бала өте зерек болғандықтан, бір жылда үш сынып аттап келіп отыр екен. Дәл осы сабақта қиын есептің бес түрлі шешу тәсілін айтып, басқаларды таңқалдырады. Бірақ, балалар сонда да мойындағылары келмей, кішкентай баланы сұраққа тез әрі дұрыс жауап қайтаратын қырағылық сайысына шақырады. Кішкентай бала қуана құптайды. Барлық бала жабыла сұрақ қоя бастайды, сонда біреуі: «Сен қанша тез жүрсең де,  бір нәрсе үнемі сенен бұрын үйге жетеді. Бұл не?»,- деп сұрағанда, алғыр бала: «Кілт» деп жауап қайтарады. Тағы біреуі: «Қандай нәрсенің өндірілген уақыты мен жарамдылық уақыты бір күнде болады?»,- десе, кішкентай тапқыр бала іркілместен: «Газет» дейді. Әрі қарай басқа балалардың түрлі сұрақтарына өте қызықты түрде жауап қайтарады. Мұндай қызықты әңгімелерді біздің көрмеден оқи аласыз.

2021 жылдың соңында Шанхай Жазушылар қауымдастығы, балалар баспасы және Шанхай балалар кітабын насихаттау қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған «Цинь Вэнцзюнь балалар әдебиеті жаңашылдық сыйлығының» алғашқы нұсқасы жарияланды.  Ең үздік марапатты 12 жасар бастауыш сынып оқушысы Гу Линглан жазған «Махаббат хаты қандай» деген шығармасы жеңіп алды.

ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан кітап көрмесіне Қытай авторларының кітаптары қойылды. Сонымен қатар, отансүйгіштікке тәрбиелейтін балалар өлеңдері, қытай тілінен ағылшын тіліне аударылған шығармалар, көптеген мақал-мәтелдердің шығу тегі туралы қызықты әңгімелер топтастырылды. Қытай тілін үйренгісі келетін жасөспірімдерге арналған сауат ашу құралдары мен қытай жазуын үйренуге қажетті түрлі жаттығу құралдары, тыңдауға арналған дискілер, «Қытай балалар энциклопедиясы», балалар мен жасөспірімдерге арналған басқа да әдебиеттер бар.

 

                                                                         Жас оқырмандарды кітап көрмесімен танысуға шақырамыз.

WhatsApp Image 2022 02 10 at 11.11.02 копия   WhatsApp Image 2022 02 10 at 11.24.45 2 копия   WhatsApp Image 2022 02 10 at 11.24.46 копия