+7 (727) 267-28-83

шолпан

ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімді басылымдар оқу залында «Қазақстанның ақпарат кеңістігі» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрме келесі бөлімдерден тұрады:

«Қазақтың мерзімді баспасөз даму тарихынан» бөлімі. Қазақ мерзімді баспасының алғашқы газеттері «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1882), «Дала уәлаятының газеті» (1888-1902), «Қазақ» (1913-1918) газеттерінің шығуы ұлттық баспасы дамуының символына айналды.

«Айқап» - қазақ әдеби журналы 1911-1915 жж. «Айқап» журналында Сәбит Дөнентаев, Міржақып Дулатов және т.б. өздерінің есімдерімен және бүркеншік аттарымен алғашқы публицистикалық және әдеби шығармаларын жариялады.

«Шолпан» журналына – 100 жыл» бөлімі. «Шолпан» журналы 1922 жылғы қазаннан 1923 жылғы маусымға дейін Ташкентте шықты. Айына бір рет шығатын қырғыз-қазақ басылымында саясат, экономика, оқу-ағарту, әдебиет, халық өмірінің өзекті мәселелері қамтылды. Барлығы 8 нөмір басылып шықты. Бас редакторы Иса Тоқтыбаев болды, ұлт патриоттары, қоғам қайраткерлері: Н.Төреқұлов, С.Ходжанов, С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, М.Дулатов және т.б. журналмен жұмыс жасады.

«Жұлдыз» – әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журнал. 1928 жылдан бастап «Жаңа әдебиет», 1930 жылдардың басында «Әдебиет майданы», кейін «Әдебиет және өнер» журналдары болып шығып келеді. 1957 жылдан бастап «Жұлдыз» атауымен шығады. Журналдың тарихы Қазақстан әдебиетінің ХХ-ХХІ ғасырлардағы дамуын көрсетеді.

«Қазақстан әйелдері» – әйелдерге арналған қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журнал. «Қазақ әйелі» және «Теңдік» газеттері негізінде құрылған (1925). 1926 жылғы қаңтар айынан бастап «Әйел теңдігі» атауымен жарық көрді. 1935-1941 және 1950-1954 жж. - «Сталин жолы». 1955 жылдың қаңтар айынан бастап атауы «Қазақстан әйелдері» болып өзгертілді.

«Қазақтың күнтізбесіне – 100 жыл» бөлімі. «Қазақ күнтізбесі» – республикадағы алғашқы анықтамалық әдебиет басылымдарының бірі. Алғашқы данасы 1922 жылы Орынборда «Қазгосиздат» баспасынан қазақ тілінде (араб графикасы негізінде) басылып шықты. «Қазақ күнтізбесінде» қазақ  халқының тарихы, республиканың географиясы мен аумағы туралы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп  және т.б. туралы қысқаша мәліметтер болды. 1931 жылға дейін күнтізбе Қызылорда қаласында «Шаруа күнтізбелері» атауымен латын графикасында басылған. Басылымдарды дайындауға Б.Майлин, І.Жансүгіров, Е.Алдоңғаров және т.б. атсалысты. Күнтізбелердің әр түрлері бар: жыртылатын, ауыстырылатын, уақыт кестесінің күнтізбесі, қалта, күнделік күнтізбесі және т.б.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорындағы тарихи мерзімді басылымдар ұсынылған. Сондай-ақ, «Қазақстан коммунисі», «Ақиқат», «Қазақ тарихы» және т.б. журналдарда жарияланған қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты мақалалар, «Айқап», «Жұлдыз», «Шолпан», «Таң-Шолпан» журналдары, сонымен қатар әр жылдардағы «Қазақ күнтізбелері» қойылды.

           

Көрмеге келуге шақырамыз!