+7 (727) 267-28-83

Нәдіров

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ө.М. Сұлтанғазин атындағы ғалымдар залында қазақстандық ғалым, химик, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Нәдір Кәрімұлы Нәдіровтың 90 жылдығына арналған «Мұнай-химия саласының академигі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Нәдіров Нәдір Кәрімұлы 1932 жылы 6 қаңтарда Әзірбайжан КСР Нахичеван ауданының Кикач ауылында дүниеге келген. 1937 жылы туыстарымен және отбасымен бірге Қазақстанның Жамбыл облысына жер аударылған. 1948 жылы Талас ауданы Н.К. Крупская атындағы қазақ орта мектебін бітірген.

1953 жылы Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының химия-биология факультетін бітірген. 1956-1959 жылдары В.Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының аспиранты. 1959 жылы «Орта мектепте химия пәнін тереңдетіп оқыту әдістері» тақырыбында диссертация қорғады. 1967 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде «Сібір мен Қиыр Шығыстың табиғи сорбенттері және соя майын рафинаттау мен гидрогенизациялауға арналған аралас катализаторларды зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Алғаш рет оның «Нефть и газ Казахстана» атты екі томдық монографиясында мұнай-газ саласының тарихы мен жағдайы жан-жақты айтылып, Қазақстанның мұнай және газ-кен орындарына сипаттама берілген.  Ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің беделді ұйымдастырушысы, техникалық, химиялық, физика-математикалық, биологиялық, экономикалық, педагогикалық ғылымдардың 12 докторы мен 50-ден астам кандидаттарының тәлімгері болып табылады. Оның редакциясымен ғылыми еңбектер мен конференция материалдарының 43 жинағы жарық көрді. «Қазақстанның мұнай ғылымының әкесі» өзінің физика-химия, мұнай өңдеушілер, каталитиктер, мұнай химиясы сияқты ғылыми мектептерінің негізін қалаушы ретінде халықаралық деңгейде мойындалды.

Н. Нәдіров үлкен қоғамдық жұмыстар жүргізді. Ол КСРО-ға мұнай-химия және катализ жөніндегі ғылыми кеңестің мүшесі, «ҚазССР ҒА-ның хабаршысы» журналының редколлегия мүшесі және бас редактордың орынбасары, «ҚазССР ҒА-ның Известиясы» журналының редакциялық алқасының мүшесі болып сайланды. 1996-2003 жылдары «Барбанг» Қазақстан күрдтер қауымдастығының президенті болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

«Мұнай-химия саласының академигі» кітап көрмесі энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар беттерінде ғалымның өмірі мен қызметі туралы материалдарды қамтиды, оқырманды оның ғылыми-педагогикалық қызметімен таныстырады. Нәдір Кәрімұлы 1200-ден астам ғылыми еңбек пен 8 ғылыми жаңалықтың, 31 монографияның, 10 оқу құралының авторы; 250-ге жуық патенттер мен авторлық куәліктердің иегері. Ең танымал ұжымдық монографиялар қатарында: «Химиялық тепе-теңдік және оның ығысу принциптері» (1996), «Қазақстанның жаңа мұнай алаңдары және оларды пайдалану жолдары» (8 кітап, 1979-1987). «Нефтебитуминозды жыныстар» (5 кітап, 1982-1988) Қазақстан мен Канадада монография түрінде жарық көрді (ағыл.). «Тұтқырлығы жоғары мұнай және табиғи битумдар» (5 кітап, 2001), «Қазақстанның мұнай және газы» (монография 2 т., 1996). Ғалымның «Мы, курды-казахстанцы» (2003) и «Разница во времени, или Исторические повороты: экзамен на порядочность» (2008) атты публицистикалық монографиялары жоғары бағаланды.

Кітап көрмесінің мақсаты – Қазақстан Республикасы химия саласының дамуына зор үлес қосқан Н. Нәдіровтың өмірі мен ғылыми, қоғамдық және педагогикалық қызметімен таныстыру.

       Кітап көрмесіне шақырамыз!