+7 (727) 267-28-83

Қонаев

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ораз Жандосов атындағы оқу залында Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы, техника ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Президенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Ел есінде қалар тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Түркістан генерал-губернаторлығының Жетісу облысы Верный қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы  №14 мектепті бітірген. 1936 жылы Мәскеу түсті металдар және алтын институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған.

Институтты бітіргеннен кейін Балқаш мыс қорыту комбинатына жіберілді. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Алтай, Риддер және Лениногор кеніштерінде басшылық қызметтерді атқарды. 1942-1952 жылдары - ҚазКСР ХКК, ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары. 1952-1955 жылдары - Қазақстан ҒА-ның Президенті. 1955-1960 жылдары, 1962-1964 жылдары - ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. 1960-1962, 1964-1986 жылдары - Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы. 1960 жылдан 1987 жылдың маусымына дейін 27 жыл бойы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды. Ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосты. Республиканың тау-кен өндірісі жоғары деңгейге жетті, Қазақстанның жаңа өндірістік өңірлері қалыптасып, салынған жаңа қалалар мен елді мекендер автомобиль жолдарымен біріктірілді. Республика орта және жоғары білімді, ғылым мен мәдениетті дамытуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.    Д.А. Қонаев тұсында оңтүстік астана Алматы қаласы, Қазақстанның үлкенді-кішілі қалалары ұлттық бояу элементтері бар жаңа сәулеттік келбетке ие болды. Д.А. Қонаев «жүйенің» адамы болып, «Социалистік таңдау» мен «коммунистік идеяға» сенді.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешімімен Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен алынды. Республика басшысының ауысуы қазақ тарихына «Желтоқсан» деген атпен енген жаппай тәртіпсіздіктерге әкелді. 1987 жылы 28 қаңтарда Д.А. Қонаев КОКП ОК Саяси бюросының, 1987 жылы 26 маусымда КОКП Орталық Комитетінің мүшелігінен шығарылды.

Д.А. Қонаев қоғамдық және коммунистік құрылыс мәселелеріне арналған 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. 1972, 1979, 1982 жылдары Д.А. Қонаевқа «Социалистік Еңбек  Ері» атағы берілді. 8 Ленин орденімен және КСРО-ның басқа да ордендерімен және медальдарымен, шет мемлекеттердің бірқатар жоғары наградаларымен марапатталған.

Д.А. Қонаев есімі Тау-кен ғылыми-зерттеу институтына, еліміздің бірқатар мектептері мен көшелеріне, Алматы қаласындағы университетке берілді. 1992 жылы  «Халықаралық Қонаев қоры» құрылып, мемориалдық тақта орнатылды. 2002 жылы 12 қаңтарда Алматыда Мұражай-үйі ашылды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорында Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметі туралы материалдар, ғылыми еңбектері, ол туралы мақалалар мен әдебиеттер сақталған. Кітап көрмесінің мақсаты – оқырмандар арасында Қазақстанның біртуар азаматы, ұлы тұлғасы мен қайраткері туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекет пен халық алдындағы сіңірген еңбегін, қайсарлығын, жанқияр саясатын таныту, оқырмандарды отансүйгіштік сезіміне тәрбиелеу мен халқымыздың құндылықтарын құрметтеу.

«Ел есінде калар тұлға» атты кітап көрмесінде энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар, ғылыми еңбектер және оның шығармашылығы туралы әдебиеттер, сондай-ақ, құжаттар мен материалдар жинақтары, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар кең форматта ұсынылған.

Кітап көрмесіне шақырамыз!