+7 (727) 267-28-83

М.Ауезов

«Қазақстан кітаптары» қызметінің  О. Жандосов атындағы оқу залында қазақтың ұлы жазушысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ КСР ҒА-ның академигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған Әуезов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей уезінің Шыңғыс болысында, Ұлы Абайдың туған жерінде дүниеге келген. Алғашқы ұстазы – атасы Әуез немересіне арабша хатты өзі танытқан. Орыс мектебінде, мұғалімдер семинариясында, Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетінде, Орта Азия университетінің аспирантурасында (Ташкент қаласы) білім алған.

М. Әуезов – қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың революциядан кейінгі шығармаларын алғаш жинақтаған, құрастырушы редактор, өмірбаянының алғашқы ғылыми зерттеушісі. Жазушы ақынға бірқатар мақалалар, операға либретто, киносценарий, трагедия мен «Абай жолы» роман-эпопеясын (1952) арнады. 1959 жылы роман үшін М. Әуезов Лениндік сыйлыққа ие болды. Шығарма ХХ ғасырдың ең үздік романдарының бірі ретінде бүкіл әлемге танымал болды және Еуропа, Азия және Африка халықтарының ондаған тілдеріне аударылды.

М.Әуезов – Сталиндік (1949) және Лениндік сыйлықтардың лауреаты (1959). «Құрмет белгісі» орденімен (1949), екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен (1945,1956), Ленин орденімен (1957), «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының академигі.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорында М.Әуезовтің өмірі мен қызметі туралы материалдар, оның шығармалары, ғылыми еңбектері, мақалалары және жазушыға арналған әдебиеттер сақталған. Кітап көрмесінің мақсаты – ұлы қазақ жазушысының өмірімен және шығармашылық қызметімен таныстыру.

«Әлем таныған Әуезов» кітап көрмесі келесі материалдарды ұсынады: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар, көркем әдебиет және жазушы туралы әдебиеттер.

М.Әуезовтің алғашқы шығармасы «Еңлік-Кебек» пьесасы (1917) екі жастың қайғылы тағдыры туралы халық аңызына негізделген. 1920 жылы жазушы көркем прозада жұмыс істей бастайды, әңгімелер мен повестер жазады: «Қорғансыздың күні», «Кім кінәлі?», «Көксерек», «Қараш-Қараш» және т.б. «Қилы заман» (1928) повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған. «Қаракөз» драмасы (1926) Қазақстан халық әншілерінің ұлттық ерекшеліктерін қалпына келтіреді.

М.Әуезов 20-дан астам пьесаның авторы: "Айман-Шолпан" (1934), «Абай», «Қара қыпшақ Қобыланды» (1943-1944), «Түнгі сарын» («Зарница») (1934), «Шекарада» (1937), «Сын сағатта» (1942) және т. б. Қазақстан театрларының сахналарында бүгінгі күнге дейін жазушының пьесалары қойылуда.

Жазушының шығармашылық мұрасы алуан түрлі және кең ауқымды. 1961 жылы  

М. Әуезовтің есімі қазақ академиялық драма театрына, Алматы қаласындағы Қазақ КСР ҒА-ның Әдебиет және өнер институтына берілді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алаңында оның ескерткіші орнатылды. Алматы қаласының басты көшелерінің біріне, Қазақстан қалаларындағы мектептер мен университеттерге, сондай-ақ Бішкек және Минск қалаларындағы көшелерге  жазушының есімі берілген.

Кітап көрмесіне шақырамыз!