+7 (727) 267-28-83

 

kazakfilmӨнер бөлімінің оқу залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қазақфильм киностудиясына – 80 жыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

 

 

 

 

 

Өнер бөлімінің оқу залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қазақфильм киностудиясына – 80 жыл» атты  кітап көрмесі ұйымдастырылды. 1934 жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, 1936 жылы алғашқы деректі фильмдер шығарыла бастады. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясында «Амангелді» атты алғашқы қазақ көркем фильмі түсірілді. 1941 жылы 12 қыркүйектегі Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің №762 Қаулысына сәйкес Алматы көркем фильмдер киностудиясы құрылды. 1941 жылғы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларымен 1944 жылға дейін Алматыда жұмыс істеп, бүкіл кеңестік көркем фильмдердің 80 пайызын шығарған Орталық біріккен көркем фильмдер киностудиясы – ОБКС-ке бірікті. Оны Михаил Тихонов басқарды. 1944 жылғы 25 қаңтарда киностудия Алматы көркем фильмдер мен кинохроника киностудиясы болып аталды. 1945-1952 жылдар аралығында киностудияда «Абай әндері», «Алтын мүйіз» және «Жамбыл» атты үш фильм түсірілді. 1960 жылғы 9 қаңтарда Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен Алматы көркем фильмдер мен хроникалы фильмдер киностудиясы «Қазақфильм» киностудиясы болып өзгертілді. 1963 жылы қаңтарда Қазақстан кинематографистер одағының І-ші Құрылтай съезі өтіп, бірінші хатшысы болып Шәкен Кенжетайұлы Айманов сайланды. 1967 жылы Қазақстанда мультипликациялық фильмдер шығарыла бастады. Қазақтың тұңғыш мультфильмі Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» туындысы болды. 1968 жылға дейін киностудия қазіргі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы орналасқан Мәдениет сарайының ғимаратында болды. 1968-1981 жылдары қаланың оңтүстік бөлігінде 19 гектар аумақта киностудия үшін жаңа ғимараттар кешені салынды. 1984 жылы «Қазақфильм» киностудиясына ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың есімі берілді. Киностудия қызметінің негізгі бағыты – көркем, деректі және анимациялық фильмдер шығару, сондай-ақ шетел фильмдерін қазақ тіліне дубляждау. «Қазақфильм» киностудиясы талантты актерлердің, режиссерлердің, операторлардың, суретшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Шәкен Айманов, Махит Бегалин, Сұлтан-Ахмет Хожықов, Абдолла Қарсақбаев сынды шеберлердің есімдері киностудия тарихына алтын әріптермен жазылды.
2008 жылдан бүгінгі күнге дейін «Қазақфильм» киностудиясының 200-ден астам фильмі әлемнің 60 елінде өткен 220-дан астам фестивальдар мен халықаралық көрсетілімдерге қатысты. 80 жыл ішінде «Қазақфильмде» 600-ден астам фильм, 1133 деректі және 139 анимациялық фильм түсірді. Отандық фильмдердің алтын қорына «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры», «Қыз Жібек», «Қыз бен жігіт»,  «Менің атым Қожа»,  «Алдар-Көсе», «Ине», «Рэкетир» сияқты фильмдер кіреді. Жыл сайын 10-нан астам фильм прокатқа шығады. 1953-2021 жылдар аралығындағы «Қазақфильм» киностудиясының режиссерлері: Шәкен Айманов, Әзірбайжан Мәмбетов, Ардақ Әмірқұлов, Сергей Әзімов, Анар Қашағанова, Ермек Аманшаев, Бақыт Қайырбеков, Асенов Арман, Ахан Сатаев болды. Көрменің мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, отандық киноиндустрияны, кино өнері мен кинематографияны насихаттау. Киностудияның қалыптасу және даму жолындағы жетістіктері, отандық кинематографияның алғашқы қадамдары, киностудиялардың қызметі туралы жазылған кітаптар, фильм сценарийлерінде көрініс тапқан. Мәселен, А. Назаровтың «Первенец казахского кино», «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы», «Қазақ киносының сценарийі», Б. Масатовтың «Қазақ киносының тарихы», «Шәкен Айманов. Фотоальбом», Б. Нөгербековтің      «Қазақстан киносы» және т.б. Сондай-ақ, оқырмандарға мерзімді басылымдардағы мақалалар мен безендірілген материалдар ұсынылады.  

 Сіздерді кітап көрмесіне шақырамыз!