+7 (727) 267-28-83

МҚ

10 қараша Н. Дәулетова атындағы залда көрнекті тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Тарих ғылымының тарланы» атты еске алу кеші өтті.

Манаш Қозыбаев – Қазақстан тарих ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстан ғылымының ірі ұйымдастырушысы. Тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттері оның есімімен тығыз байланысты. 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстардың, соның ішінде 30 монографияның, 50-ден астам ұжымдық еңбектің, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ол талантты ғалым-кандидаттар мен ғылым докторларының тұтас тобын дайындады. Егемен Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеу бойынша ғылыми мектеп құрды. Оның шәкірттерінің арасында Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейдің көрнекті ғалымдары бар.

Іс-шараның модераторы тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Әбжанов Хангелді Махмұтұлы болды. Алғы сөзді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы сөйледі.

Сөз сөйлегендер: қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.М.Әуезов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Е.Қабылдинов, тарих ғылымдарының кандидаты, Ғ.Даукеев атындағы АЭжБУ доценті З.М.Төленова, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры С.О.Смағұлова, тарих ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА-ның академигі Б.Б.Кәрібаев, ҚР Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Қ.Қозыбаев және басқалары. Олар Манаш Қозыбаев туралы естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорында М.Қозыбаевтың өмірі мен қызметі туралы 2000-ға жуық басылымдар, оның ғылыми еңбектері, монографиялары, ғылыми конгрестерде, конференцияларда сөйлеген сөздері, мерзімді басылым беттерінде жарияланған ғылыми және публицистикалық мақалалары сақталған.

Еске алу кеші аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан академиктің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, отбасылық фотосуреттер, ғалымның ғылыми еңбектері, монографиялары мен мерзімді баспасөз беттеріндегі жарияланымдары ұсынылған «Тарих ғылымының тарланы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Сөнбес сәуле» бағдарламасының топтамасынан Манаш Қозыбаев туралы деректі фильм көрсетілді. «Қазақстан кітаптары» қызметінің қызметкерлері кітап көрмесіне шолу жасады.

Кітапхананың жас мамандарының орындауында М.Қозыбаевтың өлеңдері мен белгілі қазақ ақындарының академикке арнаған поэзиясы орындалды. Атаулы іс-шара Ақпараттық-имидждік жұмыс қызметінің қызметкері Т.Омарбековтың орындауындағы «Қазағым» әнімен аяқталды.

Кеш қонақтары көрнекті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, туыстары, Алматы қаласы ЖОО-ның және колледждерінің оқытушылары мен студенттері, оқырмандар, сондай-ақ БАҚ өкілдері болды.

МҚ1   МҚ2   МҚ3   МҚ4
МҚ5   МҚ6   МҚ7