+7 (727) 267-28-83

М.Қозыбаев

10 қарашада, сағат 11.00-де Н.Дәулетова атындағы залда көрнекті тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР ҰҒА-ның академигі Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың 90 жылдығына арналған «Тарих ғылымының тарланы» атты еске алу кеші өтеді және кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Манаш Қабашұлы Қозыбаев 1931 жылы 16 қарашада Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Тазкөл (Айдын-Көл) ауылында дүниеге келген. 1953 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін қызыл дипломмен бітірді (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті).

1958 жылы жас ғалым Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтына қызметке шақырылып, аға ғылыми қызметкерден атақты ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессорға дейін көтерілді.  М.Қозыбаев ұлттық тарих ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі мен мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1986). Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне арналған шығармалары үшін ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды (1995). Белсенді және жемісті мемлекеттік және қоғамдық сыйлығы үшін ол Президенттің «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығының иегері атанды (1997).     

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорында М.Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы 2000-ға жуық басылымдар, оның ғылыми еңбектері, монографиялары, ғылыми конгресстер мен конференцияларда сөйлеген сөздері, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми-публицистикалық мақалалары сақталған.

«Тарих ғылымының тарланы» атты еске алу кешіне көрнекті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, туыстары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен кітапхана оқырмандары қатысады. Іс-шараның бағдарламасында: ғалымның туыстары ұсынған М. Қозыбаев туралы деректі фильмнің көрсетілімі, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан ұйымдастырылған «Тарих ғылымының тарланы» атты кітап көрмесіне шолу жасалады. Кітап көрмесінің мақсаты – көрнекті ғалымның өмірі мен ғылыми қызметін насихаттау және таныстыру.

Көрмеде М.Қозыбаевтың ғылыми-педагогикалық, қоғамдық және мемлекеттік қызметтері туралы мәліметтер ұсынылады. Ол қазақстандық тарих ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстан ғылымның ірі ұйымдастырушысы. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы ғалымның есімімен тығыз байланысты. Ол 800-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік жұмыстардың, соның ішінде 30 монография, 50-ден астам ұжымдық жұмыстар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Оның көптеген еңбектерінің ішінде 1970 жылы жарық көрген «Қазақстан - майдан арсеналы» атты іргелі монографиясы ерекше орын алады.

М.Қозыбаев ғылыми-педагогикалық жұмысқа үлкен назар аударды. Ол дарынды ғалымдар шоғырын - ғылым кандидаттары мен докторларын дайындады, Егемен Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттейтін ғылыми мектеп құрды. Оның шәкірттерінің арасында Қытай, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейдің көрнекті ғалымдары бар.

Кітап көрмесінде М.Қозыбаевтың «ҚР ҰҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы», «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «Қазақ тарихы» мен «Ақиқат» журналдарының және т.б. басылымдардың редакциялық алқасы мүшесі, тұрақты авторы, «Қазақстан - Заман» газетінің негізін қалаушы болған кезеңдердегі басылымдар көрсетілген. Сондай-ақ, ғалымның әр жылдары шыққан басылымдары, оның туыстары мен жақындарының, әріптестері мен достарының мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған естеліктері ұсынылған.