+7 (727) 267-28-83

Ергожи

С.Зиманов атындағы диссертациялар залында химия ғылымдарының докторы, профессор, ғылым және техника саласындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы Еділ Ерғожиннің 80 жылдығына арналған диссертациялар көрмесі ұйымдастырылды.

1941 жылы 7 қарашада Талдықорған облысы Екпінді ауылында дүниеге келген.1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітіріп, ҚазКСР ҒА ХҒИ аспирантурасына түседі. 1965 жылы КСРО Ғылым академиясының «Химияның жетістіктері» журналында «Тотықсыздану полимерлері» атты іргелі шолу мақаласын жариялады. 1966 жылы кандидаттық, ал 1974 жылы «Жаңа ионалмастырғыштар мен тотығу-тотықсыздану полимерлерінің синтезі және түзілу заңдылықтарын зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.  

Әр жылдары ҚазМУ ректоры, Ә.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының бас директоры және Ион алмастырғыш шайырлар мен мембраналар зертханасының жетекшісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, ҚР Білім және ғылым вице-министрі болды. Еділ Ерғожиннің жетекшілігімен республикада 2010 жылға дейінгі іргелі зерттеулердің басым бағыттары анықталды, Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңының жобасы мен Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы, сондай-ақ мемлекеттік «Ғылым» бағдарламасы жасалды.

«Егемен Қазақстанға – 10 жыл» 10 томдық энциклопедиялық анықтамалығын ұйымдастыруға және басып шығаруға жауапты болды. Оның жетекшілігімен 13 химия ғылымдарының докторы, 95 кандидаты және 4 философия докторы (PhD) дайындалды. 32 іргелі монографияның, 7 оқулықтың, 72 шолу мақаласының, 1410 ғылыми мақаланың авторы, оның ішінде 550 ден астамына - халықаралық, КСРО-ның 348 авторлық куәлігі, ҚР мен шет елдердің патенттері, инновациялық патенттері алынды. ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Ерғожиннің редакциясымен 20-дан астам монография, биобиблиография, Қазақстанның жетекші химик-ғалымдарының таңдамалы ғылыми еңбектері, республикалық және халықаралық конференциялардың материалдары жарық көрді.

Ғылыми білімді таратуға, ағартушылық және гуманитарлық қызметке қосқан зор үлесі үшін академик С. И. Вавилов атындағы медальмен марапатталған. Ион алмасу химиясы және мембраналық технологиялар саласындағы іргелі жетістіктері үшін Тегерандағы VIII Халықаралық Ғылым фестивалінде жоғары марапатқа ие болып, Әл-Хорезми Алтын медалімен және дипломмен марапатталды. Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына енгізілген. Әлемнің көптеген елдеріндегі халықаралық симпозиумдарда ғылыми баяндамалар жасады. ҚХР, ГФР, Франция, Швейцарияда химия және химиялық технология саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша халықаралық келіссөздерге қатысты. Оның есімі әлемнің көрнекті ғалымдарының дүниежүзілік тізіліміне енгізіліп, «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» Даңқ медалімен марапатталды.

Көрмеде Еділ Ерғожиннің шәкірттерінің ғылыми еңбектері мен диссертациялары ұсынылды.

Магистранттарды, PhD докторанттарды, ғылым қайраткерлерін көрмеге шақырамыз!