+7 (727) 267-28-83

БАТ

«Қазақстан кітаптары» қызметінің Ө.Сұлтанғазин атындағы ғылыми қызметкерлерге арналған оқу залында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстаның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Байдабек Ахметұлы Төлепбаевтың 100 жылдығына арналған «Тұғыры биік, ғұлама ғалым» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Байдабек Ахметұлы Төлепбаев 1921 жылы 10 қазанда  Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Бәйдібек ауданының Төрткүл ауылында дүниеге келді. Еңбек жолын 1939 жылы Шымкент облысы Шаян ауданының Орлов толық емес мектебінде ауыл мұғалімдігінен бастады. 1939-1945 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етті. Ұлы Отан соғысына қатысушы.

1949 жылы Б.Төлепбаев Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтын және Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия мектебін бітірген. Ол партия органдарында қызметте болды – Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінде, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық Комитетінде, Алматы облыстық партия комитетінде, 1976-1984 жылдары - Ғылым Академиясының вице-президенті, 1985-1991 жылдары - Қазақстан Кеңес Одағының Коммунистік партиясы жанындағы Тарих институтының директоры (КОКП ОК жанындағы ИМЛ филиалы), 1993-1996 жылдары Қазақстан  Компартия Орталық  Комитеті жанындағы Партия  тарихы  институтының  бірінші хатшысы. Бірнеше рет Қазақстан Компартиясы съезінің делегаты, Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің және облыстық, қалалық кеңестерінің депутаты болып сайланды. Ерең еңбегі үшін ордендармен, мерейтойлық медальдармен және естелік белгілермен марапатталды.

Б. Төлепбаев – көрнекті қоғам қайраткері және ғылымға үлкен үлес қосқан танымал  ғалым. Ол Орталық Азия мен Қазақстандағы аграрлық трансформация теориясы мен тәжірибесінің бірқатар өзекті мәселелерін, олардың КСРО-дағы  астық және мақта мәселелерін шешудегі рөліне иелік етті. Ол қойылған мақсаттарға жетуде жоғары ұстанымға, табандылыққа ие болды. Оның барлық ғылыми және қоғамдық қызметі терең сенімді қағидаларды ұстанумен, өзіне және басқаларға деген талапшылдықпен ерекшеленді.

ҚР Ұлттық кітапханасының қорында Б.Төлепбаевтың  өмірі мен шығармашылығы туралы қазақ және орыс тілдерінде 100-ден астам материалдар, ғылыми еңбектері мен мақалалары, монографиялары, мерзімді басылым беттерінде жарияланғаны ол туралы мақалалары сақталған.

Кітап көрмесінің мақсаты – ғалымның өмірімен, шығармашылық қызметімен таныстыру, насихаттау,  сондай-ақ   оқырмандардың назарын осы тұлға  туралы  көбірек білуге аудару.

«Тұғыры биік, ғұлама ғалым» атты кітап көрмесі Б.Төлепбаевтың өмірбаянынан басталады: энциклопедиялар, отбасылық суреттері, соғыс жылдарындағы суреттері, құрмет грамоталары және т.б.

Әрі қарай көрме Б.Төлепбаевтың қоғамдық және мемлекеттік қызметін қамтиды. Ол Ресей Ғылым Академиясы мен Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының арасында дәнекер бола отырып, көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарды. Бүкілодақтық «Білім» қоғамында беделге ие болды.

Көрменің келесі бөлімі ғалымның ғылыми қызметіне арналған. 1976 жылдан бастап Б.Төлепбаев ғылыммен тығыз айналыса бастады. Ол көптеген еңбектер мен монографиялардың авторы: «Осуществление ленинской аграрной политики в республиках Средней Азии и Казахстане» (1967), «Торжество ленинских идеи социалистического преобразования сельского хозяйства в средней Азии и Казахстане» (1971), «Социалистические аграрные преобразования в Средней азии и Казахстане» (1984),  «Д.А.Кунаев – выдающийся государственный и политический деятель» (2006), «Великие созидания и крушения в XX веке» (2015).

1960 жылы «Компартия Узбекистана в борьбе за крутой подъем сельского хозяйства» тақырыбында кандидаттық диссертациясын (Мәскеу қ.), 1967 ж. – «Аграрные преобразования в республиках Средней Азии и Казахстане» тақырыбында докторлық диссертациясын  (Мәскеу қ.) қорғады.

Көрменің соңғы бөлімінде академик Б.Төлепбаевтың әр жылдары басылып шыққан мақалалары және жақын туыстары мен әріптестерінің газет, журнал беттерінде жарияланған естеліктері ұсынылады.

 

     Кітап көрмесіне шақырамыз!

Сайтта

Қазір сайтта бір қонақ отыр және бірде бір тіркелген пайдаланушы жоқ.